Жер астындағы бір ғасыр. Ұлытаулық Балабаевтар династиясының шахтерлік ортақ еңбек өтілі 100 жылдан асады. Арғы аталары бастаған кәсіпті жалғастырып, таза еңбектің тәтті нанын жеп отыр. Бір қызығы, бұл отбасының шахтада тек ерлері ғана емес, қыз-келіншектері де еңбек етеді екен.
Жезді қалада таңғы сағат 7:20. Айтмұхамбет аға өз әріптестерімен шахтаға түсіп, киім ауыстырады. Медициналық тексеруден кейін алдағы атқарылар жұмыстар пысықталады. Бригадада әркімнің өз міндеті бар. Біздің кейіпкердің мойнында кеншілердің қауіпсіздігі тұр. Caterpillar деп аталатын мына алып көлікпен Айтмұхамбет аға әріптестері күні бойы жұмыс істейтін жердегі руданы машинамен ұрып, қабырға мен төбені нығыздайды. Жауапкершілік жоғары, бір ақау кетсе, әріптестері үйіндінің астында қалуы мүмкін.
АЙТМҰХАМБЕТ БАЛАБАЕВ, ШАХТЕР:
Шахтада жеңіл жұмыс жоқ, любой жұмыс ауыр. Менікі тіпті, бізде шаң болады. Кішкене қиындығы бар. Жеңіл емес жұмыс.
Айтмұхамбет Балабаев бұл шахтаға алғаш рет 1996 жылы, мектепті бітіре сала түсіпті. Алғашында көмекші болған ол әскери міндетін өтеп келген соң осында оралған. Содан бері табаны күректей 40 жыл жер астындағы өмірдің қызығы мен шыжығын көріп келеді. Отбасын құрып, үш баланың әкесі атанды. Шахтерлік қызмет Балабаевтар үшін тек нәпақа табар жұмыс емес, атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп.
АЙТМҰХАМБЕТ БАЛАБАЕВ, ШАХТЕР:
Ең үлкен ұлым істейді, машинист Caterpillar болып, жоғары білімі бар. Сол машинист болып істеп жатыр. Апам істейді, Ғазиза деген, Қатира деген апам істеп, зейнетке шықты. Әкем істеген, ол үлкен кісі, 60-жылдары да, одан да ертерек істеген, 42-шахтада крепильщик болып.
Ата көрген оқ жонар. Шахтерлікті таңдаған ұлы Айдардың да 3 баласы бар. Оларды әкемнің берген өнегесімен, сөзбен емес, іспен тәрбиелеп отырмын дейді үйдің тұңғышы.
АЙДАР СЕЙКЕНОВ, ШАХТЕР:
Кішкентай кезде әкеме қызығушы едім. Училищені бітіріп, үш жыл оқып, катерист мамандығы болып, 2015 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Шахтада жұмыс істеу оңай емес. Әкемнің жолын қуып, бала-шағаның қамы деп жүрміз. Жауапкершілік қатты сезінемін, жастарға үлгі болатын адамның бірі, мақтан тұтамыз. Осы әкеміздің арқасында үлгілі отбасылардың бірі болып отырмыз. Біздің отбасымызда екі шахтер, болашақта балалар өсіп келе жатқан. Олар да шахтер бола ма, болмай ма, білмеймін, өз қалауларымен көре жатар.
Бүгінде Айтмұхамбет Балабаев Еңбек даңқы медалінің 1, 2, 3-дәреже иегері. Бір қызығы, үш марапат үш немересінің туған күндерімен тұспа-тұс келіпті. Жер астындағы ауыр жұмыстан шаршап келгенде атасының мойнына асылатын мына кішкентайлар жер үстіндегі өмірімнің жұмағы дейді біздің кейіпкер.