Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза болған үйге қатысты тағы бір былықтың беті ашылды. Сотқа келген тұрғындар ғимарат қабырғаларында жарықтар пайда болып, жандарын шүберекке түйіп отырғанын айтты. Куәгердің айтуынша, көп қабатты үйге 2017 жылы жүргізілген техникалық тексерудің қорытындысын қайғылы оқиғадан кейін ғана білген.
КУӘГЕР:
Мен бұл жағдайға қатты таңғалдым. Осы үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Ал қабырғаның кез келген уақытта құлауы мүмкін екенін білмедім. Сараптама кезінде үйдің кірпіштері дұрыс қаланбағаны анықталған. Бұдан бөлек, қабырға талапқа сай тұрғызылмаған, кірпіштер бір-бірімен дұрыс бекітілмеген екен.
Куәгердің сөзінше, ғимаратты толық жөндеуге тұрғындардың қаражаты жетпейді. Сондықтан азаматтар жауапты органдардан көмек сұрап, бірнеше рет өтініш жазған. Үйдің техникалық жағдайына толық сараптама жүргізіліп, мәселе түпкілікті шешілсе, дейді олар. Ал сот отырысы ертең жалғасады.