Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Дертіне дауа іздеп келетін шетелдіктер саны артты

Соңғы жылдары дертіне шипа іздеп, Қазақстанға ағылатын шетелдіктер саны күрт өскен. Мамандар мұны отандық медицина қызметінің жоғары деңгейімен және туристер үшін қолжетімді бағамен байланыстырып отыр. Салыстыру үшін айтайық, осыдан он шақты жыл бұрын елімізге емделуге шамамен 3 мың ғана турист келсе, былтыр олардың саны 80 мыңнан асыпты. Медициналық туризмге үлес қосып жатқандардың дені Орталық Азия елдерінен екен. Оларды біздің дәрігерлердің біліктілігі мен клиникалардың медициналық жабдықталуы қатты қызықтыратын көрінеді.

ШОЛПАН ЕСМҰХАМБЕТОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫ-МАМАНЫ:

Шетелден келген пациенттерді біздің нейрохирургия, оның ішінде гамма-пышақ, ортопедия, тіс емдеу және қолдан ұрықтандыру салалары қатты қызықтырады. Соңғы кездері отандық медицина қатерлі ісікпен күресте де қарыштап алға басып келеді. Біз мұны туристердің сұранысынан байқап отырмыз. Өйткені шетелдіктер Қазақстанға келмес бұрын дәрігерлердің біліктілігін, клиникалардың жабдықталуын және ем бағасын қатты зерттейді.

Сондай-ақ соңғы жылдары шетелге емделуге шығатын қазақстандықтардың да үлесі артқан. Отандастарымыз көбіне шипажайларда демалғанды таңдайды екен. Осыны алға тартқан Әзербайжанның туризм конфедерациясы елшілік аумағында отандық турагенттерге арнап семинар-көрме ұйымдастырды.

ЧИНГИЗ ГАДЖИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ШИПАЖАЙЛАР ҰЙЫМЫ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Еліміздің шипажайлары қазақстандықтар үшін ерекше сервис әзірлеп қойды. Өйткені сіздің елден келетін туристің талғамы өте жоғары. Емдеу орталықтарының бәрі табиғи минералдарға негізделген. Қазақстандық қонақтардың талабына сәйкестендіріп, бүкіл инфрақұрылымдарды ретке келтірдік.

← Барлық жаңалықтар