Алматыда жеті айдың ішінде түнде балалары үйден қашып, көше кезгені үшін 11 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бұл тек осы бұзақылық үшін берілген жаза көлемі. Ал бесіктен белі шықпай жатып бейәдеп сөйлеп, қоғамдық орында төбелескен, сабақтан қашып, тіпті аса ауыр қылмыс жасаса да, әке-шеше айыппұл арқалайды. Егер жеткіншек 14 жасқа толса ғана, жасөспірімдерге арналған түзету мекемесіне тоғытылады.
Қызылордалық бозбаланың темір тордың ар жағында отырғанына биыл тура үш жыл болған. Ол небары 15 жасында қызбалықпен қатарласын пышақтап тастапты. Досы үшін кек алған жасөспірім қатігездікпен жасаған ісіне әлі өкінеді. Өйткені мұнда бала деп басынан сипайтын ешкім жоқ. Қатаң тәртіп, уақытпен тамақ, күнделікті сабақ. Үйі мен ата-анасын сағынады. Бірақ бұзақылық бабымен бес жылға кесілген.
ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
Осы несовершеннолетний колония барын білсем, осы іске бармас па едім? Главное жеңіл ақшаға қызықпау керек. Дос деген жоқ қой. Мына жаққа түскелі бері сол дос балам үшін барған адам үйдегілерге көмектеспеді де. Мына жаққа көмектеспеді. Звондамады, звондасам, алмайды. Сол қиын нәрсе да. Лучше үйдегілерді ойлап, тып-тыныш жүрген артық та.
Тыныш жүрмей, балалықпен жаза басқан мұнда 90 жасөспірім жатыр. Ең кішісі – 14 жаста. Әрқайсының жылы қылмысына қарай әртүрлі. Кәмелетке толмағандарды қамайтын еліміздегі жалғыз түрме. Мұнда зорлық-зомбылық, есірткіні сатып, таратқан, адам өлтіру сияқты аса ауыр қылмыс жасаған жеткіншектер түседі. Тәртіп пен заң бәріне ортақ мекемеде.
ЕЛДОС ҮЗЕНБАЕВ, 11-МЕКЕМЕ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Статистика бойынша 40 пайыз зорлық-зомбылық, 30 пайыздай наша тарату бойынша, 20 пайыз адам өлтіру. Бұл жерде жеңілдетілген шарт, жалпы шарт және қатаң шарт бойынша бөлінеді. Сол шарттарда бірінші күннен 15 күн карантинде ұстаймыз. Карантинде күнделікті тәрбиелік мәні бар әңгіме жүргізіп, балаларды зерттейміз. Психологтар жұмыс істейді. Әкімшілік офицерлер жұмыс істейді.
Жалпы кәмелет жасына толмаған балалардың әр бұзақылығы үшін ата-ана қырғын айыппұл арқалайды. Перзенті үнемі сабақтан себепсіз қалса, қаңғыбастық пен қайыршылық жасаса, біреуді бейәдеп сөйлесе, қоғамдық орында төбелессе – 43250 теңге, алкогольдік ішімдік ішсе, есірткі тұтынса – 86500 теңге айыппұл қарастырылған. Тағы бомба қойылды, өрт шықты деп ойыннан от шығарса, 130 мыңдай айыппұлға ілінеді.
ЖАННА ШОНЖАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ ЮВЕНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Егер де 14 жасқа толмаған бала аса ауыр қылмыс жасаса, онда, әрине, қылмыстық жауапкершілікке жасы толмағандықтан іс қысқартылып, бала арнайы мектепке орналастырылып, соттың шешімімен ата-анасына жаңа атап көрсеткендей 20 АЕК, яғни 86500 теңге айыппұл салынады.
Психологтар баланың бұзақы әрекетінің бәрі отбасындағы құндылықтың жоқтығынан дейді. Жеткіншектің әулетте өз орны болмай, сөзі тыңдалмай қалуынан көреді. Өйткені жұмысбасты заманда әке-шешенің перзентін үнемі бақылауға уақыты жоқ. Сондықтан өзіне көңіл аудару үшін көп бала шалыс басқанын байқамай қалады екен.
ӘЛИЯШ ЕСЕНМҰРАТҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:
Бала вниманиені қалаған кезде, ішіндегі реніші бар болса, ішінде бір өзінің қалауы болмаған кезде, оны ол сырттан қалайды. Сырттан қалағаны орындалмаған кезде ол өзін солай агрессивно ұстауы мүмкін. Ал боқтауға келсек, өзін дұрыс ұстамауға келсек, ол жауапкершіліктің аздығы, бермеуі, сезбегені.
Сондықтан мамандар баланың әр қадамын аңдып, айналасын іріктеуге кеңес береді. Себебі достарына еліктеп, қалыс қалмаудың амалын жасайтындар. Ал жыл басынан бері бір Алматыда 11 мың ата-ана баласы үшін айыппұл арқалағанын айтады полиция.