Осы аптада еліміздегі қыз-келіншектердің үйлі болуына 9 миллиард теңге жұмсалды. «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына қатысқан бұрымдылар осы қаражатқа айналдырған 7 сағаттың ішінде несиеге баспана алып үлгерген. Үйден үмітті болып, бірақ жобадан жырақ қалған нәзік жандар көп. «Ұмайдың» жыры бітті деп ұнжырғаны түсірудің қажеті жоқ. Басқа мүмкіндіктерді мүлт жібермеуіңіз керек.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
«Ұмайды» ұзақ күткен қыз-келіншектердің үкілеген үміті көпке созылмады. Банк өтініш қабылдауды дүйсенбі күні таңертең бастап, сол күні сағат 16:00-де тоқтатты. Яғни бағдарламаға бөлінген лимит санаулы сағаттың ішінде-ақ таусылған. Несие рәсімдеп үлгергендерге қарағанда күні бойы сабыла кезек күтіп, ақыр соңы үйіне дымсыз қайтқандардың қарасы қалың болды. Осылайша, жұрттың жылдап күткен ипотекасы жарты күнге жетпей жабылып қалды. Енді қайтпек керек? Көпшілікті толғандырған сан сауалға банк өкілі жауап берді.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Жалпы 850-ден астам азаматшаның өтінімдерін қабылдап үлгердік. Бұл жерде ең жас әйел – 18 жастағы қыз бала, ең егде – 63 жастағы әйел болды. Екінші транш қашан болады деп халық күтіп отыр. Қазіргі таңда Отбасы банкі Азия даму банкімен бірге осы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Енді жоспар бойынша қазан айында біз екінші траншты тартамыз деп жоспарлап отырмыз.
Ұмайдың ұтымды тұсы көп, дегенмен бір бағдарламаға байланып отыра беруге де болмайды. Егер атыңызда соңғы 1,5 жылда үйіңіз болмаса, 7-20-25-ке қатысуға болады. Ел аузында жүрген бағдарламаны байыппен баяндайын. Аты айтып тұрғандай, жылдық үстемақысы – 7 пайыз, бастапқы жарна мөлшері – 20 пайыз, ал несиені өтеу мерзімі – 25 жылға дейін. Банк Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкенттен пәтер сатып алуға – 30 млн, Қарағанды қаласына – 25 млн, ал басқа өңірлер үшін 20 млн теңгеге дейін береді.
НҰРБОЛ ШЫНТАҚОВ, САРАПШЫ:
7-20-25 бағдарламасына 1 трлн теңге, онымен қоса қайталама нарыққа «Баспана хит» деген бағдарлама болған, ол жерде 300 млрд теңге бөлінген болатын. Бірінші «Баспана хит» жабылды. Кейін 7-20-25 те толыққанды жабылған болатын. Бірақ бұл бағдарлама өте тиімді халыққа болғандықтан, Үкіметтің шешімімен бұл бағдарламаны жалғастырды.
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Бағдарлама арқылы тек бірінші нарықтан баспана сатып ала аласыз. Мысалы, Астанада 55 шаршы метр дәл осындай екі бөлмелі пәтер орта есеппен 25 млн теңге тұрады. Қабырғасы сырланып, электр сымдары толық жүргізілген. Енді осы баспанаға айына қанша қаражат төлейтініңізді есептейік. Алғашқы жарна – 20 пайыз, яғни 5 млн теңге құрылыс компаниясына төлем жасайсыз. Қалған 20 млн-ды банк береді. Осылайша, айына 141 355 теңге 84 тиыннан 25 жыл төлейсіз. Сонда 20 млн қарызыңызды ширек ғасырдан кейін банкке 42 млн теңге етіп қайтарасыз деген сөз. Бір қарағанда, бұл сома сізге көп болып көрінуі мүмкін. Мұны қаржыгерлер былай түсіндіреді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Ипотеканың ұзақ мерзімді тиімділігі бұл теңгелік болғандықтан, 5 жылдан соң, 10 жылдан соң инфляция дейміз, ақшаның құнсыздануы болатын жағдай. Экономика – тірі организм деп айтатын болсақ, ол 10 жылдан соң жалақының өсуі негізінде ай сайынғы бюджетіңізге салмақ салып жатқан 150-200 мың теңге жалақыңыздың 10 пайызын құрауы мүмкін.
Бар тапқан-таянғанын жалдамалы пәтерге құртып, өзгенің ипотекасын төлеуден шаршаған жұрттың аталған бағдарламаға қатысты сұрағы көп. Осы тұста ең өзектілеріне жауап берсек. Үйден үмітті мен оның жұбайының атында соңғы 18 айда баспана болмауы керек. Бағдарламаға бір рет қатысуға болады. Сондай-ақ клиент табыс көзін растауы керек. Егер мерзімі өткен несиеңіз болса, ертерек жабуға асығыңыз. Себебі банк несие тарихын жіті бақылайды. Ал ипотека еліміздің екінші деңгейлі 7 банкінде қолжетімді. Нақты қандай құжат қажет екенін банкке барып білген абзал. Өйткені қаржылық ұйым қосымша анықтамаларды сұратуы мүмкін.
НАРИМАН ӘЛІБЕКОВ, САРАПШЫ:
Әрине, жастарға да, жалпы елге де ыңғайлы жобалар қажет. Ай сайынғы төлемі қалтаны қақпайтын, отбасылық бюджетке салмақ түсірмейтіндей тиімді болуы тиіс. Баршаңызға осындай мүмкіндікті пайдалануға кеңес беремін. Өз басым 2020 жылы бұл бағдарлама алғаш іске қосылғанда, бірден өзіме де рәсімдедім. Ол кезде ай сайынғы төлемім бары-жоғы 60 000 теңге болатын. Ал бүгінгі таңда бұл, былайынша айтқанда, түкке тұрғысыз ақша.
Ұлттық банк аталған бағдарламаға жылына 100 млрд қаржыны әр 3 ай сайын банктерге лимитпен бөледі. Қай банкке қанша қаражат түскені алдын ала нақты белгіленбейді. Сондықтан несие рәсімдеуге өтініш беру тәртібі де банктерде әртүрлі. Бірі өтінімді онлайн қабылдаса, енді бірі клиенттен бөлімшеге келуді талап етеді. Ай сайын маңдай термен тапқан табысының бір бөлігін баспанаға жинап жүрген ағайынның талабы бір – тиімді ипотека алу. Осы ретте нарықтағы ұсыныстарды саралап, банктердің шарттарын салыстырып, өзіңізге қолайлы нұсқаны таңдау маңызды.