Есірткі бизнесіне қарсы халықаралық күрестің тетіктері талқыланды.
Түркістанда Түркі мемлекеттерінің бас прокурорлары кеңесінің 5-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанның қадағалаушы органдарының басшылары қатысты. Басты назар цифрлық кеңістіктегі есірткі саудасына қарсы күреске аударылды. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда шамамен 35 миллион доллар көлеміндегі активке тыйым салынған. Сонымен қатар криптовалюта, онлайн-платформалар мен жасанды интеллект арқылы жасалатын қылмыстарға тоқтау салу мәселелері қаралды.
КУБАНЫЧБЕК ОМУРАЛИЕВ, ТМҰ БАС ХАТШЫСЫ:
Қазіргі заманда қылмыстық қауіп-қатерлер ұлттық юрисдикциялар шеңберінен жиі шығып бара жатыр. Сондықтан оларға қарсы іс-қимылдың тиімділігі ақпарат алмасудың жеделдігіне, бірлескен тергеулерге және заманауи технологияларды пайдалануға тікелей байланысты. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымы бірлескен бастамалар мен ортақ мүдделерді ілгерілету үшін бірегей алаң болып табылады.
Осы орайда Қазақстан өкілдері қылмыскерлерді құрықтауда қаржылық талдау мен цифрлық криминалистиканы етене қолданып жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 7 мыңға жуық интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылған.
БЕРІК АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
Соңғы бес жылда 400-ден астам есірткі зертханасы жойылып, 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, есірткі тасымалдаудың 720 арнасының жолы кесіліп, 147 тоннадан астам есірткі тәркіленді.