Дала өрті абайлықтардың дегбірін қашырды. Аягөз ауданына қарасты екі бірдей елді мекен аумағында қураған шөп тұтанып, қызыл жалын жүздеген гектарды жайпап кетті. Құтқарушылар Тарбағатай ауылдық округіне қарасты Қазанкемір учаскесінде төтенше жағдаймен күресті. Таулы алқапқа жайылған жалын қатты желден өршеленіп, өртті сөндіру жұмыстарын қиындатқан. Дегенмен бір тәуліктен соң толық сөндірілді. Бұдан бөлек, Мыңбұлақ ауылының маңында да сарғайған дала төсі күлге айналды. Мұнда қу шөп пен қураған бұталар тұтанған. Төтенше жағдайлар департаменті жекелеген аумақтардың әлі де жанып жатқанын жеткізді. Жалпы, аталған өрт ошақтарына 95 адам және 26 техника жұмылдырылыпты. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан да күштер тартылған. Қазіргі уақытта тілсіз жау шарпыған аумақ 700 гектардан асқан.