Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 25 қаралым

Түнгі рейдте дала кезген балалар анықталды

Түнгі қала, қараусыз жүрген бала. Елімізде жыл басынан бері қараңғыда көшені бейсауыт кезген екі жүзден астам жасөспірім қылмыстың құрбаны болған. Ал бес жүзге жуық жеткіншекті көлік қағып кетіпті. Бұған алаңдаған Ішкі істер министрлігі арнайы алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

ҚАЙРАТ ТІЛЕПОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ІІБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қала аумағында 15 тамыздан 30 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз, балалар!» шарасы өткізілуде. Біздің басты мақсатымыз – жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, болдырмау болып табылады

Елордалық тәртіп сақшылары компьютерлік клубтарды, дәмханалар мен сауда орталықтарын жаппай тексерді. Рейд барысында түнделетіп жүрген бір топ бала анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың арасында Астанаға келіп, аспаз болып жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 17 жастағы азаматы да бар. Енді балаларына бас-көз болмаған ата-аналар ірі көлемде айыппұл арқалайды. Дегенмен, мамандардың сөзінше, соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс айтарлықтай азайыпты.

ӘСЕМ ҚОЖАХМЕТОВА, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ІІБ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Жыл басынан бастап 2000-ға жуық ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қылмыс саны азайып жатыр. Бастысы, полиция қызметкерлері дәріс сабақтарын өткізеді. Түнгі іс-шаралар өткізеді. Алдын алу шаралары күнделікті өтеді.

Гүлмира Тасболат

← Барлық жаңалықтар