Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 27 қаралым

Тағы бір қаржы пирамидасының басшысына үкім шықты

Елімізде тағы бір қаржы пирамидасының жолы кесілді. Қарағанды облысында «ЦВК» деп аталатын ұйымның қызметін басқарған азаматқа сот үкімі шықты. Ол оңай олжаға кенелгісі келген жандарды ақшаның астында қаласыңдар деп сендіріп, жиған-тергенін инвестициялық жобаларға бағыттауды ұсынған. Фемида өкілдері кінәлі азаматтың екі жылға бас бостандығын шектеп, барлық цифрлық активтерін тәркілеу туралы шешім шығарды. Тергеу барысында құқық қорғау органдары 474 мың долларға тең криптовалютаны алған. Ол ұлттық валютамызға шаққанда 212 миллион теңге. Сот шешімімен барлық цифрлық қаражат мемлекет меншігіне алынды.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған. Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні және жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген. Алайда, виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған.

Қаржылық мониторинг агенттігі салымшыларға қатаң ескерту жасады. Егер ұйымдар табысы шамадан тыс жоғары қызмет ұсынып, ақша құюға үгіттесе, бұл қаржы пирамидасының алғашқы белгілері.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар