Көлік жүргізушілері мен жолаушылардан ақша бопсалап келген. Жамбылда шекара бекеті арқылы өтетіндердің қалтасын қағып келген қылмыстық топ ұсталды. Қарақшылар жүк көліктеріне де, жеңіл машиналарға да, тіпті жолаушы таситындарға да тыныштық бермепті. Полиция күдіктілердің жымысқы әрекетін тоқтату үшін өңірде 27 тінту жүргізген. Нәтижесінде суық қару, байланыс құралдары, қомақты қаражат пен автокөліктер тәркіленді. Қазір аталған факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық схемаға қатысы бар адамдарды анықтауда.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІ ӨКІЛІ:
Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайлары, оған қатысты әрқайсысының рөлі және қосымша эпизодтар анықталуда. Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтар мен азаматтарға және бизнес өкілдеріне қысым көрсететін адамдардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Құқық қорғау органдарының басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.