Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Гүрілдеген көлік мінгендерге тықыр таянды

Түн ұйқыңды төрт бөлетін тек жаңа туған нәрестелер емес. Қалаға қараңғы түссе болды, көшеде көлігін барылдатып-дарылдатып жүретін жын қаққандар пайда болады. Енді ондайларға тықыр таянды. Алматыда «Шулы көлік» жедел алдын алу шарасы басталды.

Алматы қаласының полицейлері рейдке тайлы-тұяғы қалмай шықты. Әкімшілік полиция басқармасының басшысы қаладағы жол қауіпсіздігін қадағалаумен бірге түнгі уақытта жұртшылықтың мазасын алатын дауыс зорайтқышы бар көліктерді анықтап, жауапқа тартуды мықтап тапсырды. Өйткені Үкімет басшысы түнгі тыныштықты бұзатындарға тек айыппұл салумен шектелмей, жүргізушілерді әкімшілік қамауға алуды жүктеген болатын.

ӘБДІНҰР ТАСЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Қазіргі таңда мына түнгі уақытта гүрілі қатты дауыс шығатын көліктерді, қатты маневр жасайтын және түнгі уақытта әдейі шу шығаратын көліктерді біздің қала тұрғындарына кедергі келтіреді. Сондықтан біздің полиция күшейтілген жұмыс жасаймыз. Заң талаптарын бұзған жүргізушілерге шара қолданамыз.

Қала көшелерін аралау барысында полиция назарына мотоцикл ілікті. Тексеру барысында дауысын зорайтатын құрылғы табылмады. Сонымен қатар екі бірдей неміс көлігі тоқтатылды. Алайда олардан резонатор анықталмады. Зауыттан солай шыққан екен.

Қаланы бірнеше мәрте аралап, жұрттың мазасын алатын көліктерді таба алмадық. Сөйтсек, олар түн ортасына қарай шығады екен. Дауыс зорайтқышы бар көліктің бірін сауда ойын-сауық кешенінің жанынан кезіктірдік. Тексеру барысында резонатор орнатылғаны анықталды. Жүргізушіге өзгеріс жасағаны үшін 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жарым түнде кернейінің гүрілімен қалалықтардың ұйқысын қашыратын тағы бір көлікті Әл-Фараби даңғылынан кезіктірдік. Бастапқыда өзгеріс жоқ деп ақталғанымен, сақшыларды алдай алмады. Айыппұл салынғаннан кейін барып, жақында ғана сатып алғандарын мойындады. Енді дауыс зорайтқышын, резонаторын алып тастамаса, айыппұл көлемі артып, көлігі айып тұрағына қойылатын болады.

ДАСТАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз машинаны недавно алдық. Бір ай шамасы болып қалды. Бізге машина осылайынан келді. Осылай айдап жүрміз. Біз оның бірдеңе салды дегенін білмейміз.

Жалпы бір түннің ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 160 дерегі тіркелді. Оның ішінде тыныштықты бұзған 33, рұқсатсыз қайта жабдықтау бойынша 31 тізгінші ұсталды. Одан бөлек, қауіпті маневр жасап, апаттық жағдай туғызғандар да жазадан құтылмады. 74 көлік айып тұрағына қойылды. Оның 11-і шетел азаматтарына тиесілі. «Шулы көлік» жедел алдын алу шарасы бір апта бойы жалғасады.

← Барлық жаңалықтар