Бүгін Алматыда таң бозарып атқалы екі рет жер сілкінді. Алғашқы тербеліс сағат алты жарым шамасында тіркелді. Оның қуаты әлсіз болғандықтан тұрғындардың көбі ештеңе сезбеген. Алайда сағат тоғыз отыздағысы ел-жұрттың жүрегін кәдімгідей шайлықтырып тастады.
АҚНҰР КӘРІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ұйықтап жатқаннан кейін бе, қатты сезілді және ұзақ болған секілді.
НАЗЫМ ҚАДЫР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Сезіндім. Банкте отырғанбыз, 3-қабатта. Қорқып, барлығымыз шығып, далада күткенбіз. 5-10 минуттан кейін қайтадан ішке кірдік.
Жер ана тек екінші рет толқыған кезде тұрғындардың телефондарына хабарлама келіпті. Ғимараттар шайқалып, жандары мұрындарының ұшына келгендер бірден сыртқа ұмтылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда 3-4 балл шамасында сезілген. Бұдан бөлек, шаһар іргесіндегі Қаскелең, Боралдай және Өтеген батырда да білінген.
ЕРГЕН БАТПАСОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, 28 қыркүйек 9:30 минутта Қырғызстан аумағында жер сілкінісі орын алды. Алматы қаласында сезілуі 3-4 баллды құрады. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының болжам комиссиясының қорытындысына сәйкес, Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Тек ресми ақпараттарға сеніп, үрейге берілмеңіздер. Жағдай Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында.