«Сізге сәлемдеме келіп тұр!» Белгісіз нөмірден осындай хабарлама келсе, бас-көз жоқ иланбаңыз. Бұл – алаяқтардың жаңа құйтырқылығы. Ұлттық банктің ескертуінше, қазір әккілер халықты алдаудың тың тәсіліне көшкен. Алдымен өздерін курьер ретінде таныстырып, қызмет түрін рәсімдеу үшін SMS арқылы келген кодты сұрайды екен. Содан соң eGov өкілі болып қайта қоңырау шалады. Олар «деректеріңізге қауіп төнді» немесе «атыңыздан несие рәсімделуде» деп абдыратады. Тіпті сенімге кіру үшін жалған құқық қорғау қызметкерлеріне де қосады. Мақсат – азаматтарды қорқытып, шотындағы ақшаны қолды ету. Сондықтан мамандар ешқандай кодты ешкімге айтпауды және күмәнді әңгімені бірден үзуді сұрайды.