Мазмұнға өту
· 20 қаралым

Киберқылмыскерлерді құрықтау жеңілдейді

Енді киберқылмыскерлерді құрықтау бұрынғыдан жеңіл болады.

Қазақстан интернет-алаяқтықты ашумен айналысатын Будапешт конвенциясына қосылады. 80 елдің басын біріктірген құжат 2001 жылы қабылданыпты. Басты миссиясы — адамдардың сеніміне кіріп, жеке дерекке қол сұғатын суайттарға қарсы іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Бүгінгі Құрылтайдың күн тәртібінде осы тақырып. Ішкі істер вице-министрінің сөзінше, бұл қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде мемлекеттердің өзара жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

2023 жылғы сәуірде Қазақстан Еуропа Кеңесінің Конвенцияға қосылу туралы ресми шақыруын алды. Конвенция компьютерлік деректерді жедел сақтауға, электрондық дәлелдемелерді іздеу мен алуға, бұғаттауға, трафик туралы мәліметтерді жинауға, сондай-ақ құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жолдауға мүмкіндік береді. Бұл интернет-алаяқтықтарды және қажетті цифрлық деректер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан басқа да қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде ерекше маңызды.

Соңғы үш жылда елімізде интернет-алаяқтық саны 40 пайыз азайған. Жәбірленушілердің 6 млрд теңгеден аса қаржысы қайтарылған. Сонымен қатар 170 млн-нан астам жалған қоңырау бұғатталыпты. Ал өткен жылы желіде 16 млн адамның жеке дерегін таратқандар анықталыпты.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Тергеу амалдары бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр. Қылмыстық іс аясында 3 күдікті анықталды. Аталған деректі Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасы жүргізуде. Сот санкциясымен кінәлі тұлғалар қамауға алынды. Өзге мән-жайларды анықтау үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмысты жалғастыруда.

Құрылтайда ТМД елдерінде жасырынған қылмыскерлерді қолға түсіруді көздейтін құжат та талқыланды. Жаңа ереже бой тасалап жүргендерді тез тауып, елге қайтару процесін айтарлықтай жеңілдетпек. Енді Достастық мемлекеттері қашып-пысып жүргендер жайлы ақпаратты электронды форматта қас-қағым сәтте алмаса алады.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар