Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Қарттықтың қызығы

Зейнет жасына жеткендер қоғамдық өмірден қол үзбей, спорттан да алыстамай жүр. Жетпістің желкесіне шықса да, жігері жасымай, тыңнан түрен салып жүрген қариялар аз емес. Өмірдің талай белесін артқа тастап, сан сынақтан сүрінбей өткен олар бар құрметке лайық. Жас ұлғайған сайын қозғалыс пен сергектіктің маңызы арта түсетінін дәлелдеген ақсақалдылар кейінгі буынға да үлгі болып отыр.

Астанадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда 6 мыңнан астам ақсақалды ата мен ақжаулықты әже тіркелген. Қазір орталықта 20-ға жуық үйірме мен секция бар. Бүгінгі айтулы мерекеде біз де осы жерге арнайы ат басын бұрдық. Қимылы ширақ қарияларды көріп бір таңғалдық.

НАРЗАНГҮЛ БОЛСЫНБЕКҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Бұл орталыққа қатысып жүргеніңізге қанша уақыт болды? 5 жылдан аса уақыт болды. Қандай нәтиже бар? Өзіңізді қалай сезініп жүрсіз? Мен жақсы сезінемін. Басында келгенде мен белімнен баса алмайтынмын. Сосын осындай үйірмелерге қатысып, қазір өзімді өте жақсы сезінемін.

АЙЖАН МУЛИКОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Қазір денсаулыққа ең керекті қозғалыс деп ойлаймын. Қозғалыссыз ештеңе болмайды. Медицинаның көмегі болмай қалады. Күші жетпей қалады. Осындай ашып берген мемлекетке рақмет айтамын.

Расында, мұндағы ардақты буынның көңілі көктемдей. Бір-бірімен әзілдесіп, әңгіме айтып, уақыттарын көңілді өткізеді. Тіпті арасында спорттық жарыстарға қатысып, жастарды шаң қаптырып жүргендері де бар. Жасы жетпіске келсе де, жігері мұқалмаған, қауқарлы қариялар аз емес.

ВИЛЕН ДАРЖАНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Ооо, аға, жасыңыз нешеде? 67-де. Бұл орталыққа келіп жүргеніңізге қанша уақыт болды? 2 жылдай болды. Қандай нәтиже бар? Жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Мына Амантайдың арқасында спортсмен болдық. Жүгіреміз, тартыламыз.

Қазір бас шаһардың барлық ауданында бұл орталықтар жұмыс істеп тұр. Келіп, көріп, уақыт өткіземін деген жанға есік айқара ашық. Оның үстіне бәрі тегін, қалтадан бір тиын шықпайды.

НҰРГҮЛ ТАЛҒАТ, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жалпы бізге зейнет жасына шыққан азаматтар келіп тіркеле алады. Келіп осы жерде өтініш толтырады. Кейін біз түсіндіреміз, экскурсия жасаймыз. Қайсы үйірмеге ыңғайлы, медконсультанттан өтеді. Әрі қарай түсіндіріп айтамыз. Мысалы, аптасына 3 рет келе ме, 2 рет келе ме, соның бәрін түсіндіріп, өздеріне ыңғайлы уақытын таңдайды.

Жыл сайын халықаралық қарттар күнінде де олар елеусіз қалмайды. Одан бөлек, даңғарадай сахнаға шығып та өнерлерін ортаға көрсетеді. Ән айтқанда әншіден, биге басқанда кәсіби бишіден кем түспейді.

Бір таңғаларлығы, осы топтардың арасындағы елге сыйлы аталар мен кимешегі келіскен әжелер талай белесті бағындырып, шетел асып, халықаралық байқаулардан жүлделі оралыпты. Қысқасы, қарттыққа қарамай, қатардан қалмай келеді.

ГҮЛШАТ АБУБАКИРОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Ташкентке барады, Италияға да барғандар бар. Әлемді таңғалдырған әжелеріміз Америкаға да барды. Нью-Йорк қалаларына, Миланға барды, Стамбулға барды. Енді бізде жетістіктер өте көп. Алғыс хаттар көп. Өздерінің еңбектері.

ЗӘУРЕ НҰРКЕНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Қатаркөлге демалуға барғанда, мынаны Қатаркөлдің атып келе жатқан таңы, осыны мен бейнеледім. Одан кейін этносуреттерді жақсы көремін салғанды. Табиғатты салғанды. Өте қызық. Өйткені мен бұрын ешқашан сурет салып көрмегеммін. Домбыра ойнап көрмегенмін. Қазір соның барлығын осы белсенді ұзақ өмір сүрудің арқасында үйреніп жатырмыз, 4 жыл болды.

Қазақстанда әрбір жетінші тұрғын – қарттар санатында. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 60 жастан асқан азаматтардың саны екі миллион 900 мыңға жуықтады. Олардың басым бөлігі – әйелдер. Ал ерлер үлесі бір миллионнан асады. Қариялар ең көп шоғырланған аймақ – Алматы қаласы. Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстарында және Астанада да көпті көрген көнекөздер баршылық.

← Барлық жаңалықтар