Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Сәтбаев тұрғындары дабыл қағуда

Ұлытауда тұрғындары күні-түні көз ілмейтін үй бар. Қабырғадан соққан жел мен төбеден аққан су бұқараның түндегі тыныштығын бұзған. Күндіз де қиранды астында қаламыз ба деп алаң-елең болған ағайын әкімдіктің құрғақ уәдесінен әбден шаршаған.

Жарты ғасырдан асқан үйдің бүгінгі күйі көңіл көншітпейді. Қабырғалары ойылып, кірпіші сөгіле бастаған. Әр жерінен жарықшақ түсіп, кей тұсында тіпті тесік пайда болыпты. Ол аздай, жертөлесін су басып, баспалдақтары да әбден ескірген. Айдың-күннің аманында шаңырағымыз ортасына түсіп, үйінді астында қаламыз ба деп қауіптенген тұрғындар әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған көрінеді.

РАШИДА ТҰКАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Әлі қауіптің ортасында тұрып жатырмыз. Кешке жатқанда, ұйықтағанда Құдайымызға сыйынып, таңертең әйтеуір аман-есен оянсақ екен деп. Бұл үйге құжат 2024 жылы ғана берілді. Екі жылдан бері 10 жылда 10 әкім ауысты ғой. Әрқайсысына бара-бара шаршадық.

Атқамінерлерден күдер үзген кей тұрғын амалсыз өз баспанасынан безіп, өзгенің үйін жалдап тұруға мәжбүр бопты.

СӘТБАЙ СЕРАЛИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің әйелім осы үйден инсульт алды. Содан үй жалдап кеттік. 2 жыл болды үй жалдап жүрміз. Мына үйде тұруға мүмкіндік жоқ. Қысы суық, жаздыкүні кішкене жылы болса деп отырамыз. Қыстыгүні тұру мүмкін емес. Қабырғаның барлығы тесіліп жатыр. Жарылып жатыр. Ремонт жасайтын болса, қанша мыңға жасайсың. Оның барлығы текке сумен ағып кетеді.

Тұрғындардың талабын тыңдау үшін әкімдік өкілі апатты үйге тағы ат басын бұрды. Бұл жолы құтқарушыны да ертіп келген жауапты маманнан жұрттың мәселесі қашан шешілетінін сұрап көрдік.

ГҮЛМИРА НҰРМАНОВА, СӘТБАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Аталмыш тұрғын үй қазіргі таңда 2024 жылғы техникалық құжатқа байланысты апатты деп танылған. Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар бөлімімен, қалалық әкімшілікпен комиссия құрылып, қаралатын болады. Негізі Сәтбаев қаласында 28 апатты үй бар. 223 тозығы жеткен үй бар. Жыл сайын 1-2 үйден көшіріп жатырмыз.

Әкімдік өкілі апатты үй тұрғындарының жақын күндері қауіпсіз жерге көшірілмейтінін ашық айтты. Жауапты маманның сөзінше, мәселе алдымен арнайы комиссияның қорытындысына, одан кейін қажетті қаражаттың бөлінуіне байланысты.

← Барлық жаңалықтар