Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Жас жігітті пышақтап өлтірген

Ешкі сойған пышақпен ауылдасын өлтіргендерге қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Талғардағы сұмдық жазда болған еді. 24 жастағы жігітті күдіктілер тура үйінің алдында мерт қылған. Қаскөйлер суық қаруды қатар сұққанда бірі бүйрегін бөліп, екіншісі жамбасын тесіп өткен. Жас жігіттің демі анасының қолында үзіліпті. Бүгін судья оқиғамен танысып, үш тарап та триллерге толы түнді бастан-аяқ баяндады.

МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Бұлардың балалары түрмеде отырса да, балаларын көреді, тамақ апарып беріп, маңдайынан сүйе алады, мен ештеңе істей алмаймын, маңдайынан сүйе алмаймын, менде бір уыс топырақ.

Төрт айдан бері баласын жоқтап, суық топырағын құшақтаған ана сот залында әбден күйіктен іші өртеніп жылай берді. Ұлын пышақтаған ауылдастарын әлі кешірмеген, бүгін көзбе-көз кездесіп отыр. Марқұм Жанасыл Сәрсембай түн ортасында інісімен әкесінің бейітіне барып, қайтар жолда төрт есігін айқара ашқан көлікті көреді. «Есігіңді жап, өтіп кетейін» дегеніне жігіттер ығыспаған. Артынан қуып жетіп, тура есік алдында өлтіріп кеткен.

АЛМАГҮЛ НҰРҚИЗАТ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Өлтірсін біреу, есігімнің алдына келіп пышақтасын деп өсірмедім. Келешекте асырайды, өзіме қамқор болады деп ер жеткізгенде пышақпен өлтіріп кеткенде мына менің жүрегім ауырады. Қатты ауырады. Мен әке-шеше, ағайын-туысын кінәламаймын. Кінәлі үшеуі жазасын алу керек.

Сот алдында үш бірдей күдікті айыпталып отыр. Бірақ пышақ сұққан жігіт бүгін жауап беруге дайын емес екен, жанындағы 5-6 жылдан бері достасқан жолдастары оқиғаны баяндады. Сол күні елдімекенде көкпарға қатысып, ешкі сойған, қуырдағын жеген. Артынша түн ішінде сырамен сырласқан достар көлікте отырған. Марқұм Жанасыл өтер жолда боқтап, намысымызға тиді дейді. Содан біреуі сөзін көтере алмай, күндіз мал сойған екі бәкісін сұғып алыпты.

КҮДІКТІ:

Елханмен көкпарда кездестік, сосын қайттық, көкпар болатын үйге барып, текені турап, қуырдақ жеп, дальше туған күнге бардық. Үшеуміз бас қосып отырған сәтте жолдың шетінде әңгіме айтып отырдық. Сосын артымыздан Жанасыл марқұм келді. Жол бер деп моргать етті, сөйтіп жаға ұстасып қалды.

Араша болуға үлгермедік дейді күдіктілер. Тіпті қолында пышағы барын да білмеген. Тағы жедел жәрдем мен полиция шақыруды да ойламапты. Әбден абдырап, оқиға орнынан қаша жөнелдік дейді. Тіпті бірі жан досы «мені де пышақтайды» деп қорқып, ешкімге тіс жармағанын айтады.

КҮДІКТІ:

Түскен мақсатымыз алып кету болған, бірақ арам ойымыз болған жоқ. Түскен кезде, Елхан деп айлағаным сол еді, пышақ сұғып үлгерді. Мен шоковый состояниеде ештеңе істей алмай қарап қалдым да. Айда, айда деп, машинаға отыр деді. Мен қолындағы пышақты көріп, айтқан жеріне, үйіне апарып, үйіме кетіп қалдым.

Залда сотталушылардың да туыстары отырды. Қайта-қайта балаларының жағдайын сұрап, қолдау білдіріп жатты. Ал қанды қылмыстың жалғыз куәгері марқұм Жанасылдың бауыры. Бейітке де бірге барған, жігіттердің дөрекілігін де көрген. Ол үшеуі көліктен қатар түсіп, әп-сәтте сөзге келмей пышақтады деді.

ЕРКЕБҰЛАН САРСЕМБАЙ, КУӘГЕР:

Қазір жабылып кетсе, төбелесіп кетсе, араша түсем, ағама көмектесем деген ой болды менде. Сосын олар жақындады, араларында ерегес, сөйлесу, бір-бірін ұру дым болған жоқ. Елхан сразу бірінші оң, екінші сол қолымен пышақтады да, ағам тізерлеп отырып қалды. Еларыс айтты: болды, Елхан, машинаға кеттік деді анық. Нұрасыл айтты: болды, өлтірдік, қаштық деді.

Бүгін судья үш тараптан – сотталушы, жәбірленуші, куәгерден де жауап алды. Прокурор біреуіне адам өлтіру, екеуіне қылмысты жасырғаны үшін деп екі бап бойынша айып тақты. Келесі сот отырысы 7 қазанға белгіленді. Айта кетейік, жантүршігерлік қанды қылмыс Нұра ауылында мамырдың 11-інде түнде болған еді.

← Барлық жаңалықтар