Елдегі бірлікті ту етіп, билік пен бұқараны жақындастыратын жаңа орган алғашқы жиынын өткізді. Халық кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қоластындағыларды жинап, күн тәртібіндегі бірқатар мәселені талқылады. Басты міндеттердің бірі – қоғамдық келісім мен бірліктің жаңа тұжырымдамасын іске асыру. Кеңес мүшелері бұл жұмысқа белсенді араласып, этномәдени бірлестіктерді шоғырландыруға ықпал етуі керек деді төраға. Сонымен қатар өңірлердегі азаматтардың ұсыныстарымен жұмыс істеу мәселесіне де айрықша мән берілді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президентіміз Халық Кеңесінің алдында үлкен маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру. Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында. Ел Президенті артқан осы сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз.
Басқосу барысында үш комитет пен Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Атап айтқанда, Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін Вера Ким, ал Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік бағытын Марат Әзілханов басқарса, Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жетекшісі болып Табиғат Зейнұлқабден тағайындалды.