Онсыз да өрттен көз ашпаған Семей орманын қолдан да отап біткен сыңайлы. Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақша үшін жасыл желектерді кесуге рұқсат бергендердің әрекетін әшкере етті. Абай өңіріндегі табиғи резерваттың бірқатар лауазымды тұлғалары өзгелердің ағаштарды заңсыз кесіп, одан пайда табуына жағдай жасаған. Қарымта ретінде қаржылай сыйақыға кенеліп отырыпты. Ал рұқсат алғандар алқапты еш кедергісіз қиып келген.
ҚАЙЫРЛЫ АХМЕТ, ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
Тінту барысында бухгалтерлік құжаттама, кесуге арналған орман орамдары мен ақша қаражатын бөлу туралы қолмен жазылған жазбалар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Маржан Нүсіпбек