Халықтың тірнектеп жинаған ақшасына Италияда демалып келген. Астанада азаматтардың емделуіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырған емхана басшылары мен лауазымды тұлғалар сотталды. 4 адам жұрттың денсаулығынан бұрын қара басының қамын ойлап, жалған шарт жасап, қазына ақшасын жақын туыстары мен ауыз жаласқан сыбайластарының шотына салып отырған. Сөйтіп 4 жылдан бері түскен соманың бір бөлігін емхананың керек-жарағына жұмсаса, қалғанын кредит жабуға, Италияға қыдыруға, тұрмыстық техника сатып алуға жаратқан. Келтірген жалпы шығын 672 млн теңгеден асып жығылады. Бірақ сотталушылар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған. Соған қарамастан, судья оларды айыпты деп тауып, 8 және 7 жылға жаза кесті.