Табиғи байлығымыз шетке заңсыз шығарылып келген. Ұлытау облысында тып-тыныш кен орындарын рұқсатсыз қазып, қалталарын қампайтып жүргендер ұсталды. Күдіктілер Сарыарқа төсінде марганец химиялық элементі көптеп кездесетін аумақтарды мұқият зерделеп, қазумен айналысқан. Олар осы уақытқа дейін жалпы құны 950 млн теңге болатын шикізатты шекара асырып үлгеріпті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары заңсыз ашылған карьер аумағында өндіріс ошағын тапты. Ол жерде қазып алынған кен ұдайы үгітіліп келген. Тіпті пысық азаматтар жүк көлігіне тиелген шикізатқа басқа атпен құжаттар рәсімдеп отырған. Заңсыз қазылған марганец көлемі шамамен 4 мың текше метрден асады.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьер техникасын, экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған. Карьер аумағында өндірістік база жабдықталып, онда өндірілген шикізат ұсақтау кешені арқылы өңделген. Кейін кен жүк автокөлігі мен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, ел аумағынан шығарылған.