Онлайн медицина. Иә, енді ел азаматтары үйден шықпай-ақ дәрігердің көмегіне жүгіне алады. Елордада өткен Digital Bridge халықаралық форумында осы бағыттағы үздік стартаптар таныстырылды. Солардың бірі — EmAI платформасы. Жоба негізін қалаушы Қайыржан Қожалының сөзінше, бүгінде цифрлық медицинаға сұраныс артып келеді. Ем іздеген кез келген жан өзіне қажетті көмекті алып, уақытты ұтымды пайдалана алады. Жоба әсіресе шалғай ауылдарда тұратындарға таптырмас көмек. Бұл тақырып алғаш рет форум бағдарламасына MedHub HAQ платформасының бастамасымен енгізілді.
ҚАЙЫРЖАН ҚОЖАЛЫ, EMAI КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Біз онлайн медицина бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Яғни бұл жерде кез келген азамат дәрігердің көмегіне еш кедергісіз жүгіне алады. Бүгінгі басқосуда жобаларды құру, ары қарай дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы тұста шетелдік тәжірибелерді елімізге енгізу керек деп санаймын. Өйткені ол жақта мұндай жобалар сәтті жұмыс істеп жатыр. Біздің олардан аларымыз көп.
Басқосуда медициналық IT бағдарламаларды дамыту жайы да сөз болды. Шетелдік компаниялар өздерінің жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ мамандар өзара пікір алмасып, көпшіліктің сұрағына жауап берді. Жиынға Гарвард университетінің аға оқытушысы да қатысты. Ол осы бағыт бойынша жас мамандарға кеңес беріп, жобаны ұйымдастырудың басым бағыттарын атап өтті.
ВИВИАН ЛИ, ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:
Меніңше, бұл шараның басты мақсаты — бірнеше маманды бір арнаға тоғыстыру. Мәселен, жоба негізін қалаушы мен бизнеске айналдыру жолдарын білетін жандар бір-бірімен пікір алмасады. Ендігі қадам — осы кездесуде танысқан әр топтың өкілдерін біріктіріп, табысты әрі коммерциялық әлеуеті жоғары бизнес құру жоспарын әзірлеу болмақ. Мен Қазақстанға MedHub жобасының шақыртуымен келдім. Форумда бірнеше стартап жобаларды көріп жатырмын. Қазақстанның бұл тұрғыда болашағы зор деп санаймын.