Өзге елде қашып-пысып жүрген 154 қылмыскер қолға түсті. Ал Қазақстан аумағында бой тасалаған 537 шетелдік құрықталды. Бүгін Президенттің алдында есеп берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осылай деді. Бас полицей елдегі криминогендік ахуал мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын баяндады. Айтуынша, өткен тоғыз айдың қорытындысында қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Қазір қоғамда тәртіп бұзуға төзбеушілік дағдысы да орнығып келеді. Жыл басынан бері азаматтардың, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілердің ықпалымен 12 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған. Сонымен қатар цифрлық шешімдер жолдағы профилактикалық жұмысты күшейтіп, оқыс оқиғалардың санын 5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша, тас жолда қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар 7 пайызға азайған. Өз кезегінде Мемлекет басшысы елдегі тәртіп пен қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді.