Бара-бара жасанды интеллект бәрін өзі істейді-ау шамасы. Бүгіннің өзінде біраз тірлікті оңайлатып отыр. Том-том қағаздан бас көтере алмай жүргендердің де уақыты үнемделді. Ол ол ма, ауыл шаруашылығындағы өзгеріс көп. Қолға күрек ұстамайтын, сиыр сауу үшін шелек арқаламайтын күн алыс емес. Малдың жемін беріп, суын дайындау, сауып алу — мұның бәрі автоматтандырылып жатыр. Ал басқа салаларда қандай жаңалық бар?
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Бүгін Үкімет отырысында жасанды интеллект мәселесі қаралды. «Digital Qazaqstan» стратегиясы сөз болып, озық технологияны күнделікті күйбең тірліктен бастап, мемлекеттік басқаруға дейін кеңінен енгізу жайы талқыланды. Әр саланың министрлері ортаға шығып, өз ведомствосының бүгінгі нәтижесін таразылап, жоспарларымен бөлісті. Сөз күйінде емес, нақты жобаларды көрсетіп түсіндірді. Расында, алдағы жылдары бірқатар саланың жұмысы түбегейлі өзгеретін түрі бар. Жаңа технологияның түр-түрі шығып, талай жұмыстың машақаты жеңілдемек. Ал ең қуантатыны — бұл өзгеріс тек қалада қалып қоймай, ауылға да жетіп жатыр.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Интернет 370 ауылға қосылды. 12 мыңға жуық байланыс желісі тартылды. Биылғы жоспар бойынша 1,6 мың ауылды интернетке қосу. 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланған. Бұл үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген.
Иә, қазір мына қу тіршіліктің өзінде байланыссыз жүру қиын, тіпті әлеуметтік желісіз мүмкін емес деуге де болады. Қайда барсақ та, бірінші іздейтініміз интернет. Сағаттап пойызға мініп, жол жүргенде де бұқара қиналатын. Обалы не керек, осыны ойлаған жауаптылар отарбадағы жолаушыларды да ғаламтор желісімен қамтуды қолға алды. Ол ол ма, енді жермен жүйткіген пойызды қойып, ұшақта да онлайн отыратын күн алыс емес секілді.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
50 теміржол бағыты бойынша жүретін 124 пойыздың 1 500 вагоны интернетпен қамтылды. 7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын «Батыс — Шығыс» гипермагистралінің жартысы тартылды.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Одан бөлек, Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект арқылы цифрландыру жұмысы жүріп жатқанын айтты. Қазір eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді, ал жыл соңына дейін халық ең көп пайдаланатын 150 қызметті осы форматқа көшіру жоспарланып отыр. Цифрландыру мұнымен тоқтамайды. Энергетика саласында да заманауи мүмкіндіктер іске қосылып, маңызды нысандарды бақылау мен қорғауға, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге басымдық берілмек. Тіпті дрондардан қорғауға көмектесетін жүйелер де қарастырылып отыр.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Электр энергетикасында жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін қолданылады. Өндірістік оқиғалар санын 78 пайызға дейін төмендету күтілуде. Күтілетін жиынтық экономикалық әсер жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды.
Көлік саласында да цифрландырудың нақты нәтижесі көрініп тұр. Әсіресе шекарадағы ұзын-сонар кезек қысқарған. Мәселен, «Нұр Жолы — Қорғас» бағытында жүк көліктерінің күту уақыты 30 күннен 3 күнге дейін түскен, яғни 10 есе азайыпты. Бұған «Smart Cargo» платформасы мен «Нұр Жолы» өткізу пунктіндегі тасымалдың цифрлық паспорты мүмкіндік берген.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
Smart Cargo платформасы 58 дереккөзді біріктіреді. Ол халықаралық жүктер жолға шыққан сәттен бастап жеткенше қадағалайды. «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылды. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады.
Ауыл шаруашылығында да таңдай қақтыратын өзгерістер болғалы тұр. Бұрынғыдай бар жұмысты қолмен істеп, қағазбастылықпен уақыт жоғалтатын заман біртіндеп артта қалатын сияқты. Енді малдың есебінен бастап, егістіктің жай-күйіне дейін бақылауда болады. Одан бөлек, ақылды фермаларда автоматты сауу, малды азықтандыру, агродрондар, ақылды суару жүйелері қолданыла бастапты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Бүгінде 650-ден астам кәсіпорын цифрлық технологияларды пайдаланады, 200-ден астам шаруашылық «смарт-ферма» санатына жатады, 112 сүт фермасында автоматтандырылған мониторинг және 30-дан астам бордақылау алаңында автоматтандырылған бақылау қолданылады.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Ал мұның бәрі тек жұмысты жеңілдетіп, жаңа технология енгізумен шектелмейді. Жасанды интеллект мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға да жол ашып отыр. Яғни бюджеттің ақшасы оңды-солды жұмсалмай, әр теңгенің қайда кетіп, қандай нәтиже беріп жатқанын бақылауға мүмкіндік көбейеді. Мәселен, осы цифрлық талдаудың арқасында 1,5 трлн теңге көлеміндегі шығынның алдын алған.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Бюджетті жоспарлау кезінде тек фискалдық деректерді пайдалану арқылы жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемделді. Цифрландырудың ең маңызды нәтижесі — тиімсіз шығыстарды кейін анықтау емес, олардың алдын ала жолын кесу. Мәселен, 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын шығыстың алдын алуға мүмкіндік туды.
Осылайша, жиын соңында Үкімет басшысы цифрландыруға қатысты бастамалардың қайтарымына баса мән берді. Құр есеп үшін қолға алынған істен гөрі елге пайдасы тиетін, нақты өзгеріс әкелетін жобаларға жол ашуды тапсырды. Яғни сан қуаламай, сапаға жұмыс істеу керегін қадап айтты. Осы ретте Жасанды интеллект министрлігіне де бірқатар міндет жүктеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жасанды интеллект министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін стратегияның нысаналы индикаторларын мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлық даму жоспарларына жіктеп енгізсін. Стратегияны жүзеге асыру іске қосылған жобалардың саны бойынша емес, белгіленген көрсеткіштердің нақты орындалуына қарай бағалануы қажет.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Қысқасы, бүгінгі жиында цифрландырудың сан қырлы бағыты сөз болды. Бірі ауылға жетсе, бірі өндірісті жеңілдетіп, енді бірі мемлекет қаржысының қайда жұмсалғанын таразылауға мүмкіндік бермек. Ғалым, менің айтарым осы. Министрлердің жоспары көп. Ең бастысы, үйіп-төгіліп айтылған уәделер қалып қоймай, кәдеге жараса болғаны.