Мазмұнға өту
· 21 қаралым

Саңлақтар салған жеңісті жол

Спортта қоржынымызды сары алтынға толтырған саңлақтарымыз көп. Тәуелсіздік алғалы жеңіс төрінен көрінген жеңімпаздардың төзім мен тәртіпке толы жолы кейінгі толқынға үлгі. Төгілген тер, жұмсалған жігерге толы уақыты талайға тарих болып, тағылымды әфсанаға айналары сөзсіз. Олимпиада чемпионы атану үшін алдымен не керек? Біреуі төзім дейді, екіншісі мінез дейді. Ерен еңбектің ішіне кіретін екі қасиетті спортшыларымыз қалай шыңдайды?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Боксшының әр соққысы – жүлдеге қарай жасалған қадам. Әр жеңісі – Қазақстанның абыройы. Бірақ жеңіске тек қара күшпен жетпейсің. Әдіс те, айла да керек. Ал кейде бұл темірдей тәртіп пен табандылықты талап етеді. Бұл – жеңіске бастар жол. Әр секунд маңызды. Мәреге дейін тоқтауға болмайды. Өйткені кәсіби спортшының мақсаты біреу – Қазақстанның жалауын биікте желбірету.

Бұл ел мерейін асырған жарқын жеңістер. Әр белестің артында жылдар бойғы еселі еңбек, елдің үкілі үміті жатыр. Қазақстанның қыран бедерлі байрағын әлемдік додаларда асқақтату бір күнде қалыптасқан жетістік емес. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады.

Егеменді елдің саңлақтары 1992 жылы Барселона Олимпиадасында бақ сынап, ТМД-ның біріккен құрамында өнер көрсеткен. Ал 1994 жылы Австрияның Лиллехаммерінде өткен ақ Олимпиадада ұлттық құрама алғаш рет көк туымызды көтеріп шықты. Одан кейінгіге тарих куә.

ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ, СПОРТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Тәуелсіздікке жеткеннен бастап біздің ұлттық құрамамыз тікелей Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына, Азия ойындарына қатыса алатын болды. Өзіміздің туымызбен, өзіміздің әнұранымызбен. Сол кезден бастап біздің жетістіктеріміз бірталай. Шетелде әсіресе мынау туымыз көтеріліп, әнұранымыз ойнағанда «Қазақ елі қай жақтан екен?» деп танып жатты.

Ол кезде отандық бокс мектебі әлемді аузына қаратқаны баршаға аян. Азуын айға білеген АҚШ, Куба, Ресеймен иық тірестірді. Бұған дәлел – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасындағы Василий Жировтың жетістігі. Жерлесіміздің жеңісті жолын Сиднейде Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов та жалғаған еді. Шаршы алаңда қарсыластарын қапы қалдырып, Олимпиада алтынын тақымға басты.

Бекзат Саттарханов алғашқы медальды салды. Бокстан, әрине.

Төртжылдықтың басты бәсекесінде тағы бір саңлағымыз тұғырдан көрінген. Ол еркін күрес шебері Ислам Байрамуков. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, бүгінде қазақ спортының қара шаңырағы Алматыдағы спорт колледжінің директоры қызметін атқарады. Жоғары деңгейдегі доданың жүгін жақсы білетін палуан осылайша кейінгі толқынның буынын қатайтуға үлес қосып жүр.

ИСЛАМ БАЙРАМУКОВ, СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Жақсы бір үлкен жетістікке жетіп жүрген спортшыларымыз да бар. Еліміздің көк туын желбіретіп жүрген, әнұранын шырқатып, әлем чемпионаттарында, қазір енді Олимпиада ойындары болады АҚШ-та. Сондықтан барлық мақсат айналып келгенде 4 жылдық цикл болады екен. Сол 4 жылда топ жару. Сондықтан барлық жұмыс, барлық бағыт соған қарай жұмыс жасалады.

Атланта мен Сиднейдегі боксшылардың фуроры Афинада да үзілген жоқ. Доданың соңғы күніне дейін алтынсыз қаламыз ба деген үрейді Бақтияр Артаев сейілтті. Финалда кубалық Лоренцо Арагонды жеңіп, алтын медальмен қоса турнирдің ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленген-тұғын.

БАҚТИЯР АРТАЕВ, АФИНА ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бірінші кезекте төзімділік керек. Екінші кезекте мінез керек. Жүрек, қайсарлық. Міне осындай қабілеттер болатын болса, менің ойымша, жеңіске жету әбден мүмкін. Өйткені еңбекқорлық жаңағы еңбекқорлық, Алланың берген таланты да болу керек. Үлкен жеңіс содан басталады.

Мұндай жетістіктер тек ерлердің еншісінде емес. Қазақстанды әлемге мойындатып, Олимпиада тұғырынан көрінген қос Ольгамыз да ел спортының тарихында айрықша із қалдырды. Сиднейде Шишигина кедергілер арқылы жүгіруден алтын алса, Лондонда Рыпакова үш қарғып секіруден топ жарды. Екеуінің де жеңісі жанкүйер жадында.

Иә, спорттағы саңлақтардың жолы әртүрлі. Бірі шаршы алаңда, бірі боз кілемде дараланса, енді бірі тас жолда оза шапты. Сидней Олимпиадасында велоспорттан күміс жүлдені қанағат тұтқан Александр Винокуров араға 12 жыл салып мұратына жетті. Жерлесіміз Лондон төрінде Қазақстан қоржынына ең жоғарғы жүлдені салды. Бұл да ел спорты тарихындағы тағы бір айтулы белес болатын.

АЛЕКСАНДР ВИНОКУРОВ, ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:

Қазір «Астана» велокомандасының бас менеджері ретінде жұмысымды жалғастырып келемін. Негізгі мақсатым – команданы дамыту, қолдау көрсету және жаңа жеңістерге жол ашу. Әрине, бүгінгі жігерім кәсіби спортшы болған кезімдегіден өзгеше. Ол кезде жарыс жолына өзім шығатынмын. Қазір міндетім – жастарға үлгі болу, қазақстандық спортшылардың жаңа жеңістерге жетуіне қажетті жағдай жасау.

Иә, спорттағы сабақтастықтың мәні де осында. Чемпиондардың жолы аяқталған жерден келесі буынның арманы басталады. Ал Париж Олимпиадасында сол арманын орындағандардың бірі – дзюдошы Елдос Сметов.

Бұл бір спортшының ғана жеңісі емес. Тұтас ел болып күткен алтын, жанкүйерлер бөркін аспанға атып қуанған сәт. Жарыс қожайынын тақтан тайдырған жерлесіміз осы спорт түрінен Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ оның еншісінде медальдың барлық түрі бар. Елдос 2016-да Риода күміс, Токиода қоланы қанағат тұтқан.

Париж татамиінде тағы бір қазақстандық дзюдошы жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Ғұсман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алып, ел қоржынын толықтыруға тағы бір жүлде қосты. Ал Қазақстанды танытып, тұғырдан көріну оның бала күнгі арманы болатын.

ҒҰСМАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

Кішкентай кезде көрдік қой Олимпиаданы телевизордан. Ермахан, Бекзат ағаларымыздың қалай чемпион болғандарын көрдік. Бірақ ол кезде спортқа қатысу ойда жоқ. Сол кезде әлі есімде, ата-апаларымыз батасын беріп: «Иә, Алла, чемпион болсын!» – деп. Сол кезде… Менде осындай чемпион болсам деген арман болған еді кішкентай кезде. Өскеннен кейін ата-анамызға айтып, спортқа қатысып, біз де сол дәрежеге жетіп жатырмыз.

Париждегі жүлделер Қазақстан дзюдосының әлеуетін тағы бір көрсетті. Ендігі мақсат – жаңа Олимпиада цикліне тыңғылықты дайындалып, жетістікті еселеу. Бұл жолда Әбиба Әбужақынованың да өз межесі бар. Әлем чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атанған ару өткен жарыстан сабақ алып, АҚШ-та қазақ қыздары арасынан алғашқы жүлдегер болуды көздейді.

ӘБИБА ӘБУЖАҚЫНОВА, ДЗЮДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:

Өзімнің қателігім бар Олимпиадада жіберген. Келесі Олимпиадада сол қателікті жібермеу мақсатына жұмыс жасап жатырмыз. Бізге жаңадан бапкерлер келді, солармен бірге тыңғылықты дайындық. Менің мақсатым әлем чемпионы болу бірінші кезекте. Өзімізде өтетін келесі жылы Астанада. Содан соң, бұйырса, Олимпиада чемпионы болу. Бізде қазақ қыздарынан ешкім медаль алмаған Олимпиадада. Соның тұңғышы болғым келеді.

Бұдан бөлек, Михаил Шайдоровтың жарқын жеңісін айтпай кетуге болмас. Милан-Кортина қысқы Олимпиадасында отандасымыз қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрса да, шешуші сәтте мінсіз өнер көрсетіп, жеңісті жұлып алды.

Бұл Қазақстанның ақ Олимпиадада 32 жыл күткен алтыны, мәнерлеп сырғанаудан тарихтағы тұңғыш чемпиондық атағы. Иә, бүгінгі тақырыпты олимп шыңын бағындырғандар мен тұғырдан көрінгендерге арнадық қой. Барлығын бір сюжетке сыйдыру мүмкін емес шығар. Дегенмен Қазақстан спортшыларының жалпы жетістігіне көз жүгіртейік.

Саңлақтарымыз Жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында 87 медаль жеңіп алған. Оның 17-сі – алтын, 27-сі – күміс, 43-і – қола.

Мұндай жетістіктердің жалғасын табуы үшін жас таланттарды ерте анықтап, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау маңызды. Мемлекет басшысы таяуда бұқаралық спортты дамыту мен балаларға қолдау көрсетудің маңызын кезекті мәрте атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 млрд теңге бөлінді. Қазір дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 млн-нан асты. Бұл халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды.

Жас спортшыларға қолдау тек қаржыландырумен шектелмейді. Жаттығу базасы, білікті бапкер, спорт ғылымы мен медицинаның да маңызы зор. Министрлік өкілінің айтуынша, осы бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

МЕЙРАМҒАЗЫ САПАРҒАЛИЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

2025 жылы спортта реформа болды. Заң қабылданды. Соның аясында 65 спорт түрі жоғары жетістіктер спорт түрі болып танылды. Оның ішінде 46 спорт түрі басыңқы спорт қатарына енді. Бүкіл аймақтарда, өңірлерде инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл сайын 150-ге жуық инфрақұрылым салынса, соның 80–90 пайызы ауылдық аймақтарда салынып жатыр. Қалған үлесі қалалық орталықтар мен аудандықтарында. Біз осылайша бұқаралық спорттың дамуына, жоғары жетістіктер спортының дамуына спорттық инфрақұрылым арқылы үлкен үлес қосып жатырмыз.

Демек, спортқа келген өренге елімізде мүмкіндік көп. Жаңа нысандар бой көтеріп, қолайлы жағдай жасалып жатқанын көрдік. Бүгінгі жас спортшы ертеңгі ел намысын қорғайтын чемпион болмасына кім кепіл? Ендеше, саңлақтар салған жеңісті жол жалғаса берсін!

← Барлық жаңалықтар