Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Әскерде не өзгереді?

Каспидегі қайғылы оқиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери салаға түбегейлі реформа жүргізуді тапсырған болатын. Араға ай салып, оның жобасы Ақордада таныстырылды. Президент төрағалығымен өткен жиында Қазақстан армиясын жаңғырту және қорғаныс қабілетін арттыру мәселелері қаралды. Реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруді, жауынгерлердің даярлығын күшейтуді және әскери білім беру саласын дамытуды қамтиды. Жоба аясында Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Сарапшылар бұл қадам саладағы келеңсіз жайттарға тәуелсіз тексеру жүргізу мүмкіндігін күшейтеді деп отыр.

АМАНГЕЛДІ ҚҰРМЕТҰЛЫ, ӘСКЕРИ САРАПШЫ:

Әскери омбудсменнің құрылуы әскердегі әлімжеттік сипатындағы буллинг сипатындағы түрлі құбылыстардың ашылуына және жүйелі тергелуіне мүмкіндік береді, меніңше. Себебі оларға ықпал ететін тетік жоқ. Енді сіз ойлаңыз, Ұлттық ұлан ІІМ-ге қарайды, ал тергеу де ІІМ-ге қарайды. Ал қазақта «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөз бар. Ұлттық ұланды бір құрылымның 2 институты бір-бірін қаншалықты жүйелі тексереді? Ол сұраққа жауап берілуі керек. Ал омбудсмен олардан бөлек болғандықтан, түрлі құбылыстарды тергеу-тексеру, баға беру мүмкіндігі артады деген пікірдемін.

Әскери реформа аясында сондай-ақ мерзімді қызметті екі кезең бойынша ұйымдастыру жоспарланған. Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарып, жауынгерлік машығын жетілдіреді. Сарапшылар бұл өзгерістердің алдағы уақытта оң нәтиже көрсететінін айтады.

ДИДАР ТЕБАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Оқу орталықтары ең алдымен әскери қызметшілердің теориялық білім алып, кейін оны жауынгерлік дайындықта қолдануына негізделген. Бұл бөлімшелердің өзара үйлесімділігі. Сондай-ақ бізде жаңа әскери мамандықтар да пайда болады деп ойлаймын.

Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту де құжаттың маңызды бағыттары болып отыр. Жоспарда көрсетілген ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы жүзеге асырылмақ. Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданып, оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.

← Барлық жаңалықтар