Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналады

Елдің әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс». Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында жаңа бағдарламаға бастау берді. Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінетінін, көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылатынын айта келе, Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді деп мәлімдеді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы елдің алдағы кезеңдегі басымдықтары мен мемлекеттік органдарға жүктелетін міндеттерді айқындайды. Онда белгіленген тапсырмалар жауапты органдардың жұмысына енгізіліп, орындалу барысы бақылауда болады. Былтырғы Жолдауда жасанды интеллект пен цифрландыруға басымдық берілсе, биыл қандай бағыттар күн тәртібіне шықты?

Қазақстан келер жылдан бастап қарқынды дамудың даңғыл жолына түседі. Мемлекет басты назарды инфрақұрылымға аударып, еліміз ауқымды құрылыс алаңына айналады. Жоспарға сәйкес, облыс орталықтарынан бастап аудандар мен елді мекендерге дейін жүздеген әлеуметтік нысандар салынады. Діттеген мақсатқа жету үшін халықтың әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс» атты бағдарлама іске қосылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.

Жалпыхалықтық құрылыс тұрғын үй салумен ғана шектелмейді. Бағдарлама көлік және инженерлік желілерді, әлеуметтік нысандарды да қамтиды. Жоба аясында елуге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Елді мекендерге газ бен ауыз су тартылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылады. Үкімет жыл соңына дейін барлық өңірді қамтитын жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуі тиіс. Ал жобаны жүзеге асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Құрылыстың да құрылысы бар, мына инфрақұрылымдық құрылыстар, жол құрылыстарын айтар алдында, мемлекет басшымыз мына әлеуметтік бағыттағы құрылысты айтып кетті. Ең бірінші — 70-тен астам мына денсаулыққа байланысты нысандар салынады. Соның ішінде мына біздің нәрестелерімізге, балаларымызға 340 000 жылда дүниеге келеді деген керемет цифрды айтып жатыр. Біздер ауқымда өсіп келе жатқан ұлтпыз. Соның ішінде балаларға арналған 8 перинаталдық центр салдық, әртүрлі өңірлерде. Осындай үлкен жұмыстар, және де соған тек қана Үкімет, әлдебір құрылымдар, мемлекеттік қорлар емес, қоғам болып біздер соған бәріміз атсалысуымыз керек.

Ауқымды құрылысты тек бюджет есебінен жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан жеке инвестиция тарту мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану маңызды. Президент инвестиция тарту жұмысын бір орталықтан үйлестіретін жүйе құруды ұсынып, бұл бағытта «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейту қажеттігін айтты. Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері де өз құзыреті шегінде инвестиция тарту жұмысын жалғастырады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар арасында инвестиция бойынша түсініспеушілік бар. Мысалы, орталықта Қармет деген үлкен кәсіпорын бар. Соған қарамастан, аймақтарда темір өндіретін үш зауытпен келісім жасалып қойған. Бұл ішкі және сыртқы нарықтың тепе-теңдігін бұзатын нәрсе. Сондықтан инвестицияға жауапты нақты, орталықтандырылған бір мекеме болу керек деген Президенттің сыны осы бағытта.

Жолдауда энергетика саласындағы түйткілдер, электр қуатының тапшылығы мен жаңа генерация көздерін іске қосу мәселесі де көтерілді. Президент 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу міндетін қойды. Бұл ретте атом энергетикасын дамытуға басымдық берілмек. Мемлекет басшысы келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау және «Мойынқұм» станциясы бойынша келісімге қол қою мүмкіндігін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келесі жылдың өзінде «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауға және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек қолға алу мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға болады деп санаймын.

Жолдауда белгіленген міндеттер нақты іске асса, елдің әлеуеті артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады. Өйткені Жолдау жай ғана құжат емес, Қазақстанның ертеңіне бағыт беретін бағдар.

← Барлық жаңалықтар