Астанада банк қызметкерлері күдікке ілінді. Олар заңсыз казино ұйымдастырушыларымен ауыз жаласып, 188 млрд теңгені айналымға түсіріп, заңдастырмақ болған. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іске қатысы бар бір топ адамды анықтап, қолға түсіріпті. Тергеу дерегінше, банк өкілдері онлайн-казиноларды төлем жүйесіне қосуға, тиісті тексерусіз келісімшарттар жасауға және терминалдарға қажетті кодтарды беруге көмектескен. Ал оны жасыру үшін қаржы операциялары заңды букмекерлік және өзге кәсіпкерлік қызметтің атын жамылып жүргізілген. Қазір екі күдікті қамауда, үшеуіне кепіл белгіленсе, тағы екеуі елден кетпеу туралы қолхат жазып беріпті.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды. Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды.