Мазмұнға өту
· 47 қаралым

Тіс емдетуге барып, комаға түсті

Тісін емдетуге барған бүлдіршін комаға түсіп қалды. Қарапайым ғана пломба ауыстыру процедурасынан соң 3 жасар қыз есін жоғалтып, анасының қолында көзінің қарашығы жоғары айналып кеткен. Қазір жағдайы өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосулы жатыр.

Ес-түссіз бала, жаратқаннан медеу тілеген ата-ана. Дүтбаевтар отбасы бірнеше күннен бері жанын қоярға жер таппай жүр. Тісін кезекті рет емдетуге апарған 3 жасар қыздары комаға түсіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Пломбасын ауыстырып жатқан кезде жағдайы күрт нашарлап кетіпті. Ата-анасының айтуынша, балдырған көз алдарында әлсіреп бара жатса да, медицина қызметкерлері шұғыл шара қолдануға асықпаған көрінеді.

ҚАЙЫРГЕЛДІ ДҮТБАЕВ, ЖАПА ШЕККЕН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Дәрігер ем-домды аяқтап, «болды» деген соң, әйелім қызымды өзіне қарай бұрған. Сол сәтте баланың көзі жұмылып, есінен танып бара жатқанын байқапты. Клиника қызметкерлері ешнәрсе етпейді, қорықпаңыз деп басу айтқанымен, әйелім бір сұмдықтың болғанын іштей сезіп, жедел жәрдем шақырыңдар деп талап еткен. Алайда ондағылар асықпаған. Алдымен басқа кабинеттен медбикені шақырып, баланың қан қысымын өлшемек болған. Бірақ ол да қолдарынан келмеген.

Әкесінің айтуынша, қызының жүрегі екі рет тоқтап қалған. Алдымен жедел жәрдем көлігінде, кейін ауруханада. Бүлдіршіннің комада жатқанына, міне, бір апта болды. Дәрігерлер баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосып, бетін бері қарату үшін жанталасып жатыр. Күн сайын консилиумға жиналып, емдеу жолын ақылдасуда. Жағдайдың тым ауырлығынан Алматыдан ең мықты балалар реаниматологы арнайы шақыртылды.

ЕРМЕК КУЧУКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл – баланың жеке тіс емханасына осымен үшінші рет келуі екен. Процедура барысында ешқандай инъекция жасалмаған, ауырсынуды басатын дәрі де салынбаған. Бүлдіршіннің ата-анасына сабырлық тілеймін. Қазір бар уайымымыз да, назарымыз да — баланы аман алып қалу. Бүкіл күшімізді оның өмірін сақтап қалуға жұмсап жатырмыз.

Ал осы оқиға болған жеке тіс емханасы ақылы қызметпен қатар, мемлекет есебінен тегін ем де көрсетеді екен. Енді клиниканың жұмысы тоқтатыла ма, жоқ па, оны жауапты ведомствоның қорытындысы көрсетеді. Қазіргі таңда мамандар істің жай-жапсарын анықтап жатыр. Ал осы жағдайға байланысты мекеме әкімшілігі үнсіз қалмай, өз уәждерін айтты.

№1 СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ЕМХАНА ӘКІМШІЛІГІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:

Барлық ем-дом қатаң түрде ауруханаға жеткізгенге дейінгі бекітілген медициналық хаттамаға сай жасалды. Кейбір әлеуметтік желілер мен пабликтерде тараған «№1 стоматологияда жатқанда баланың аузынан көбік ақты» деген ақпарат шындыққа мүлдем жанаспайды. Ол уақытта кішкентай қыз анасының құшағында болды және есін жоғалтқан жоқ.

Енді Павлодардағы бүкіл тіс емханаларының шұғыл жағдайда көмек беруге қаншалықты дайын екені жаппай тексеріледі. Денсаулық сақтау басқармасы да өз ішінен тергеу бастап кетті. Мамандар дәрігерлердің адам өмірін арашалап қалуға шамасы жете ме, жоқ па, соны байқайды. Сондай-ақ мекемелерде ең қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-сайманның түгел болуын қадағаламақ.

← Барлық жаңалықтар