Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Qarmet: өндіріс пен жаңғыру

Теміртаудағы құрыштың қызуы басылмайтын алып комбинат жаңғыру кезеңіне қадам басты. Өндірістегі өзгерістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, «мен» деген мамандарға сұранысты арттырып отыр. Пайдасы мың, өндірісі тың металлургия комбинатындағы қыз-қыз қайнаған мекемеде мыңдаған адам нәпақасын тауып жүр. Миллиардтаған инвестиция салынып, экспортқа тауары ағылып жатқан Қарметтің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Дәл қазір біз Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинатының конвертер цехында тұрмыз. Мұнда әр 45–50 минут сайын бір конвертерден 280 тоннаға жуық сұйық болат алынады. Елде ауқымды құрылыс жобалары қолға алынғалы отырған тұста отандық өндірістің мүмкіндігін көрсету маңызды. Мемлекет басшысы бүгін өңірге жұмыс сапарымен келіп, өндіріс барысымен және комбинатты жаңғырту жоспарларымен танысты.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның қазіргі жағдайы мен даму жоспарларын көру үшін Қарағанды облысына арнайы келді. Кеншілер мен еңбек адамдарының мекені саналатын өңірде экономика қарқынды дамып келеді. Шикізаттық емес өнім экспорты өсіп, ауыр өнеркәсіпте 4,2 триллион теңгенің өнімі өндірілген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалды. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан халқының табанды еңбегінің, ауқымды жұмысының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда әсіресе облыстың өсіп-өркендеуіне зауыт мол үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Қарағанды металлургия зауыты – отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады.

Комбинатта өндірісті жаңғыртуға арналған бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. 2028 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорынға 3,5 миллиард доллар бағыттау жоспарланған. Соның бірі – №8 және №9 кокс батареяларының құрылысы. Сонымен қатар жылдық қуаты 540 мың тоннадан асатын сорт прокаты кешені салынып жатыр. Онда құрылысқа қажетті жоғары беріктікті арматура мен өзге де металл өнімдері шығарылмақ.

ГЕННАДИЙ ВОДОВОЗОВ, САЛА АРДАГЕРІ:

Кокс батареяларының құрылысы еңбек қауіпсіздігі көрсеткіштері мен еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі жаңа кокс-химия мамандарын даярлауға да мүмкіндік береді. Біздің мамандар шетелде тәжірибе жинады. Біз олардан кем емеспіз, кем емеспіз. Бірақ әрі қарай дамуға мүмкіндік беретін база жетіспеді. Қазір біз шынымен жоғары деңгейге көтеріліп келеміз, осыны мақтан тұтамыз. Сегізінші және тоғызыншы кокс батареяларының құрылысына қатысу маған бұйырғанына тағдырыма ризамын.

Соңғы екі жылда комбинатта өндірісті жаңғырту бағытында бірқатар өзгеріс болды. Мұндай күрделі өндірісте жаңа технологияны меңгерген, білікті мамандар даярлау да маңызды. Конвертерші Байдуллаев Ерғали Маратовичтің еңбек жолы — өндірістегі кәсіби өсудің бір мысалы.

ЕРҒАЛИ БАЙДУЛЛАЕВ, КОНВЕРТЕРШІ:

Негізі, мен осында мердігер компанияда жұмыс істеп жүріп, осы деңгейге жеттім. Сол кезде осындай киім киген адамдар маған қатты қызық көрінді. Содан бастап өзім зерттей бастадым: бұл қандай мамандық, осы жұмысқа тұру үшін қайда оқу керек? Алғашында оқып, осында жұмысқа орналастым. Әрине, еңбек жолымды бесінші санаттағы стажер-патрульші болып бастадым. Қазір сегізінші санаттағы бригадирмін.

Жұмыс сапары барысында өндіріс саласының дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Марапат иелерінің бірі – бірнеше буын шахтерлік кәсіпті жалғастырған әулеттің өкілі.

ГУЛЯ БАУЛЕКОВА, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Әрине, толқу да, қуаныш та болды. Мұндай марапатты бәріміз күтпеген едік. Мені осындай жоғары наградамен марапаттағаны үшін Президентке рақмет. Біздің отбасымыз түгелдей шахтерлер әулетінен: әкем, ағаларым, күйеуім — бәрі шахтер. Енді екі ұлым да көмір өнеркәсібінде жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы Теміртаудағы трамвай қозғалысының қалпына келтірілген жүйесімен де танысты. Қаладағы бұл жоба комбинаттың әлеуметтік жауапкершілігі мен тұрғындар үшін маңызды инфрақұрылымды қолдауға қосқан үлесін көрсетті.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Өндірісті жаңарту қала өміріне де ықпал етіп отыр. Qarmet Теміртауда трамвай қатынасын қайта жандандырды. 30 шақырым жол жаңартылып, сегіз жаңа вагон сатып алынған. Бұл өндіріс кәсіпорнының қала инфрақұрылымына қосқан үлесінің бір көрінісі.

← Барлық жаңалықтар