Жуынатын бөлме мен асүйге төселетін қыш плиталарды енді шетелден тасымауға болады. Отандық өнім молынан жетеді екен. Биыл осындай құрылыс материалының өндірісі екі есе артып, 12 миллион шаршы метрге жеткен. Ал шетелден әкелу, керісінше, азайған. Нәтижесінде отандық өнім алғаш рет импорттан асып түсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жалпы 83 түрлі тауар бойынша шетелдік өнімнің үлесі азайған. Алайда кейбір заттар бойынша жағдай керісінше. Мәселен, дәретхана қағазының 60 пайыздан астамы шетелден жеткізіледі. Дәптерге де тәуелділік күшейген. Импорт үлесі 90 проценттен асады.