Тарихы терең, тағылымы мол қазақ даласының тағы он құндылығы халықаралық деңгейде мойындалуы мүмкін. Алматыда өткен халықаралық симпозиум аясында тарихи нысандарды Ислам әлемі мұрасы тізіміне енгізу мәселесі пысықталды. Вице-Президент Ерлан Қарин ИСЕСКО ұйымының бас директоры Салим Әл-Маликпен кездесіп, жәдігерлерімізді дәріптеу мен мәдени байланысты нығайтудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ әл-Фараби мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға қолдау көрсетіп, Түркістан қаласын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабылдағаны үшін мәртебелі мейманға Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді. Осы орайда тараптар Түркістан қаласында бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге дайындық мәселесін, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және кеңінен насихаттауға қатысты жобаларды да талқылады.