Жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Елдегі отын қоры жеткілікті, ал мұнай өңдеу зауыттары қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Энергетика министрі мәлімдеді. Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің литрі 253 пен 271 теңге аралығында сатылуда. Ал дизель отынының құны 356-дан 367 теңгеге дейін барады. Нарықтағы мұндай баға айырмашылығы — бекеттердің жеке шығындары мен еркін бәсекелестікке байланысты екен. Министр халықты дүрлікпеуге шақырды. «Егер баға негізсіз шарықтап кетсе, мемлекет оны тұрақтандыруға дайын, ол үшін Үкіметте барлық қажетті тетіктер бар», – дейді.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Біріншіден, Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасатынын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта мемлекет бұрынғыдай көтерме және бөлшек саудадағы бағаны реттемейді. Қателеспесем, бұл тәжірибеден 2024 жылғы ақпанда бас тарттық. Содан бері бүгінгі күнге дейін баға нарықтық тетік негізінде қалыптасып келеді. Шынымды айтсам, бағаға қатысты болжам жасау оңай емес. Дегенмен қазіргі уақытта еліміздегі бензин мен дизель отыны бағасының аралығын айта аламын. Одан кейін өздеріңіз қорытынды жасай жатарсыздар.