Енді Сыр өңірінде жүгері өсіріп қана қоймай, оны өңдеуге де мүмкіндік бар.
Қызылорда облысында дәнді дақылды кептіруге және сақтауға арналған зауыт іске қосылды. Кешен агроөнеркәсіп саласының жаңа бағытын дамытуға серпін бермек.
Биылдың өзінде облыста 11 мың гектарға жүгері егіліп, 60 мың тоннадан астам шикізат жиналған. Ал келесі жылы егіс көлемін 28 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен суды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталған еді. Жаңа жоба осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ықпал етпек.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі: «Бұл жоба өңіріміз үшін өте маңызды. Себебі жүгері жинақтайтын, жүгері өңдейтін зауыт біздің шаруашылықтарға үлкен қолдау көрсетіп, ықпал ететініне кәміл сенеміз. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында суды үнемдеу технологиясын пайдаланып, жүгері дақылдарын көбейтіп жатырмыз».