Енді тараздықтар Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда бұрынғыдай талон алып, қажетті құжаттарын рәсімдеу үшін сағаттап күтпейді.
Маманның көмегіне жүгінбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше жылдам ала алады. Ол үшін шаһарда жасанды интеллект технологиясына негізделген AI-кеңсе ашылды.
Жаңа цифрлық орталықта жеке куәлік пен шетелге шығу паспортын рәсімдеуге өтінім беру әлдеқайда жеңілдей түсті. Сондай-ақ түрлі анықтамаларды да дауыстық командалар арқылы алуға мүмкіндік қарастырылды. Егер бұл істің бәрі сізге қиындық тудырып жатса, аптасына екі мәрте арнайы маман цифрлық сауаттылық бойынша сабақ өтеді.
Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы: «Бұрынғыдай кезекке тұрудың қажеті жоқ. Мұнда келіп, терминал арқылы өзіне-өзі қызмет алуға болады. Таразда мұндай ХҚКО бірінші рет ашылып отыр. Ал еліміз бойынша тоғыз ХҚКО бар. Енді жылдың аяғына дейін барлық облыстарда осындай ХҚКО ашуға тырысамыз».
Дәурен Доғдырбай