Бар тапқан-таянғанын жалдамалы пәтерге жұмсап жүргендерге жағымды жаңалық! «Отбасы банк» ипотеканың бастапқы жарнасын 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетуді қарастырып жатыр. Қазір Үкімет пен қаржы ұйымы бұл мәселені пысықтауда. Нақты шешім келер жылы белгілі болады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, баспанаға сұраныс әлі жоғары. Мәселен, «Ұмай» ипотекасына бөлінген 9 миллиард теңге бірнеше сағатта игеріліп кеткен. Осыған байланысты жаңа қолдау тетіктері қарастырылып жатыр.
ОЛЖАС САПАРБЕКОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір тұрғын үй нарығында мұндай дүрбелең жиі болып тұрады. Бұл белгілі бір бағдарламаның ерекшелігіне байланысты емес. Дегенмен халықтың мұндай баспана бағдарламаларына сұранысы жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан қолданыстағы талаптар мен тетіктерді жетілдіріп жатырмыз. Қосымша қаржы бөлінсе, бағдарламалардың ауқымын кеңейту мәселесін де қарастырамыз.