Қарақшылық жасағаны үшін айыпталып, көзден ғайып болған павлодарлық 27 жылдан кейін табылды. Қазір 60-ты алқымдаған азаматты полицейлер Ресей аумағынан ұстап әкелді. Айыпталушы атын өзгертіп, жаңа отбасын құрып, көрші елге тұрақтап қалған көрінеді. Тіпті Қазақстандағы әйелі мен екі баласы, туған-туысымен де байланысын біржолата үзген. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті 1997 жылы үш сыбайласымен бірге Павлодардағы жеке кәсіпорынға қарақшылық шабуыл жасайды. Сөйтіп, күзетшіні соққыға жығып, түсті металл тиелген жүк көлігін айдап әкеткен. Ұрланған мүліктің сол кездегі құны 800 мың теңгеге бағаланыпты. Қылмысқа қатысқан үш адам көп ұзамай ұсталып, 7-8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал төртінші сыбайласы ізін суытқан. 1999 жылдан бері қашып-пысып жүрген азаматты Мәскеу полициясы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұстап, Қазақстанға депортациялады. Енді ол ширек ғасыр бұрын жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап береді.