Әлеуметтік жәрдемақылар қысқартылып, тіпті кейбірі жойылады деген ақпарат желіде тарады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желдей ескен бұл деректің қауесет екенін хабарлады.
Отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайында берілетін төлемдер бұрынғыдай сақталады. Сондай-ақ Әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған қаржы да толық көлемде төлене береді.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ресми мәлімдеме:
Республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 12-сіне қатысты келесі жылдан бастап отбасының материалдық жағдайын ескере отырып, неғұрлым атаулы тәсілді қолдану көзделген. Осылайша, әлеуметтік кепілдіктерді жою туралы емес, мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін ұсыну тетіктерін жетілдіру туралы сөз болып отыр. Министрлік азаматтарды тек ведомствоның ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.
Рамазан Палмағанбет