Перейти к содержимому
· 14 просмотров

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН САЛЫНҒАН ЖАТАҚХАНА

Шымкентте қайтарылған активтердің қызығын студенттер көреді. Жемқорлардан өндірілген және жөнсіз жұмсалған бюджет қаражаты есебінен салынған су жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Бұған дейін колледждегі қыз-жігіттер ескі ғимаратқа сыймай жүр еді, енді 300 орынға шақталған заманға сай нысанда жайлы өмір сүретін болды.  Жастардың қуанышына ортақтасып қайтқан тілшіміз жалғастырады.

«Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі»ерекше оқуды қажет ететін балаларға білім беретін Шымкенттегі мекеме. Бұл жерде оқушылар тек білім алып қоймай, ең бастысы еңбекке үйренеді. Сондықтан жыл сайын бала саны артып, жатақханадағы орын тапшылығы сезіле бастаған. Осы мәселені шешу үшін білім ордасының басшылығы жауаптыларға арнайы хат жазып, көп ұзамай өтініштері қолдау тауыпты.

Мектеп интернаты мен колледжде 374 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар үшін жаңа жатақханадағы орын саны жеткілікті дейді жауаптылар. Ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық кабинет, ойын аймақтары мен балалардың тынығуына жағдай жасалған. Осылайша, қайтарылған активтер есебінен 300 орындық жатақхананы 8 айда салып берген. Құрылысқа бөлінген 2,4 млрд теңгеге үкіметтің шешімімен мемлекеттік қор қаражатынан бөлінген.

БЕГЖАН ҚҰЛАТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Прокуратура органдары халықтың жайлы өмір сүруіне жайлы жағдай жасау мақсатында қайтарылған активтерді ел игілігіне жұмсау жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы Шымкент қаласының прокуратурасы өткен жылдары 3,1 млрд теңгеге активтерді қайтарған.  Бұл жерде мүлікті қайтару, арнайы бір ұйымдардың үлесінен қайтарылған және мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызды беру арқылы жұмыстар атқарылған».

51 жыл бұрын салынған жатақхананың әбден тозығы жеткен. Орын саны аз, ал бала саны екі есеге көп болыпты. Бұл өз кезегінде айтарлықтай қиындық тудырған. Дәл осы білім беретін мекеменің жай-күйі қалалық қоғамдық кеңесте бірнеше мәрте көтеріліпті.

ТӨЛЕХАН ҮСІПБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Қаладағы 5 көмекші мектеп-интернатында оқып бітірген балдарды осы колледжге әкеліп оқыту керек. Өйткені, осы жерден білім алуы керек. Бұл жерде екі мамандықта мамандар даярлап жатыр. Біреуі — тігін, біреуі — ағаш ұстасы. Басқада мамандықтарды ашу керек».

Бұдан бөлек «Қазақстан  халқына қоры» кішкентайынан дертке душар болған балалар үшін бес кабинетті арнайы жасақтап берген.  Сонымен қатар, іргелес аумақта спорт және ойын алаңдары абаттандырылып, футбол алаңы, workout аймақтары және әртүрлі жастағы оқушылардың демалуына арналған орындар пайдалануға берілді. Бұл ұл-қыздардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді дейді білім ордасының басшылығы.

Ғалымжан Кенжебек

← Все новости