Перейти к содержимому
· 13 просмотров

ДӘРЕТХАНАҒА КІРУГЕ ҚОРҚАДЫ

Ақтөбенің Алға қаласында тұратындар өз пәтерінен өзі шошынып жүр. Әсіресе, Байтұрсынов көшесіндегі 18-үй тұрғындарынан маза кеткен. Жұрт дәретханасына бара алмай қиналып қалды. Себебі бұрыш-бұрыштан егеуқұйрықтар сығалап, елдің зәре-құтын қашырған. Кеміргіштердің қайдан шыққанын ешкім білмейді. Үрей құшағында отырған жұртпен Ақбаян Сұлтанмұратова тілдесіп қайтты.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Евгения сол күнді еске алғанда әлі күнге денем түршігеді дейді. Сығалап тұрған егеуқұйрықты көріп қорыққаны сондай, суретке түсіріп те үлгермепті. «Шошығаннан суды ағыза бердім. Кеміргіш шапшып, әрең кетті», — дейді. Содан дереу көршілеріне хабарласқан.

ЕВГЕНИЯ ДОРМАСТУК, ТҰРҒЫН:

«Жазғаным сол-ақ еді, үшінші подъездегі көрші де дәретханасынан егеуқұйрық шыққанын айтты. Дереу үйге де, жертөлеге де дезинфекция жасадық. Кәріз құбырына арнайы сұйықтық құйдық. Бір апта өткенде үшінші қабатта тұратын көршіміз түнгі екіде тағы да үйінде үлкен кеміргішті көргенін айтты. Біз әкімдіктен көмек сұраймыз. Орталық кәріз жүйесін залалсыздандырсын, әйтпесе ол жәндік қайдан келіп жатыр?».

ОЛЕГ ХВАН, ТҰРҒЫН:

«Бір апта бұрын үлкендігі мынадай мақұлықты көрдім. Тұмсығы сүйір, құйрығы шамамен 20 сантиметрдей болады. Түн ортасында мысығымның ысылдаған дауысынан оянып кеттім. Қарасам, егеуқұйрық екен. Суретке түсірдіңіз бе дейсіз, қайдағы сурет?! Қорыққаннан бір апта нәр тата алмай қалдым, өз-өзіме әрең келдім».

80-жылдардың басында салынған бес қабатты үйдің тұрғындары осылайша бір айдың ішінде егеуқұйрықты үш рет көріпті. Кеміргіштер әр подъезде, әртүрлі қабаттағы пәтерлерде шыққан.

НЕСІБЕЛІ, ТҰРҒЫН:

«Мен унитаздың қақпағын жауып, үстіне үлкен табурет қоямын. Қатты қорқамын».

Байтұрсынов көшесіне бүгін әкімдік өкілдері өздері келді. Жертөлеге бірге түсіп, тексеріп шықты. Кеміргіштерді жою үшін тасталған дәрілер сол күйі жатыр. Егер кінәрат жертөледе болса, өлексесін көрер едік, дейді тұрғындар.

ҚАЙСАР ЖОЛДЫБАЕВ, АЛҒА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Бұл Байтұрсынов көшесі, 18-үй – 2022 жылы модернизация жасалған үйлердің бірі. Мұнда канализация желісі толық ауыстырылған. Жертөле құрғақ. Тұрғындардың шағымы орталық кәріз жүйесіне қатысты болғандықтан, бүгінгі күні ТОО «Алға жылумен» бірлесе отырып, орталықтандырылған кәріз жүйесіне дезинфекция жасау жұмыстарын қарастырамыз».

Алға қаласында 95 көпқабатты үй бар. Қалалық әкімдік өкілдері басқа үйлерден мұндай шағым түспегенін айтты.

Ақбаян Сұлтанмұратова

← Все новости