Перейти к содержимому
· 46 просмотров

Жасөспірімнің көзін ағызып жіберді

Таразда қатарласын соққыға жығып, көзінен айырған жасөспірім қамауға алынды. Оқиғаға қатысы бар төрт оқушы қазір тергеуде. Жұдырықтың астында қалған 15 жастағы балаға дәрігерлер «контузия» диагнозын қойған. Ал ағып кеткен көзін бөлшектеп жинапты. Ең сорақысы, оқиға анау-мынау емес, атынан ат үркетін гимназияда болыпты.

Жантүршігерлік оқиға кеше қаладағы №26 Абай атындағы мектеп-гимназияда болған. Киім ауыстыру бөлмесіне балалар топтасып кіріп, жоғары сынып оқушысымен жанжалдасқан. Мәселе ушыққан соң кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Сол сәтте Дамирге қатты соққы тиіп, құлап түскен. Араша түсуге досы ұмтылғанымен, оны ұстап қалыпты.

Бауыр еті баласының сабаққа сау барып, сал болып қайтқанына анасы әлі сене алмай отыр. Оңбай таяқ жеген ұлының түрін көрген ол кешеден бері дел-сал күйде. Айтуынша, баласын кастетпен ұрып, аяусыз тепкен болуы мүмкін. Әйтпесе қабағы жарылып, көзінен айырылуы мүмкін емес дейді.

ЗУХРА КАРИМОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

«Дәрігерлер ағып кеткен баланың көзін бөлошектеп әрең жинаған. Өйткені қалыпқа келмейтін көздің мүше ретінде орнында тұру үшін. Ақхалаттылар айтады ең бастысы ағып кеткен көз арқылы түскен инфекция миға жетпесе екен деп тілеңіздер деп отыр. 10 күндей ерекше күтіп керек дейді. Білмеймін не істерімді».

Ауыр жарақат алған Дамирге ақ халаттылар «контузия» диагнозын қойып, миы шайқалған деген қорытынды жасаған. Қазір науқас толықтай дәрігерлердің бақылауында. Ал, салалық басқарма аталған оқиға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын баяндады.

ЛӘЗЗАТ ҚЫЗЫЛҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Мектеп әкімшілігі жағдайға жедел әрекет етіп, оқушыларды ажыратып, ата-аналарына хабар беріп және оқиға орынан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырды. Облыс әкімінің тапсырмасы мен жұмыс тобы құрылып жағдай жан-жақты зерделенуде».

Қатыгездікпен соққы жасаған оқушы қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БАУЫРЖАН ЖАНАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның барлық қатысушы әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар оқушылардың ата-аналары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттернін орындамаған үшін жауапкершілікке тартылатын болады».

Жылай-жылай жасы таусылған ана баласына қайта-қайта ота жасалып жатқанын айтады. Тіпті ауыр жағдайдан кейін ол аяққа тұра алмай қалған. Сорақысы ұрып-соққан балалардың ата-аналары әзірге кешірім сұрап келмепті.

Дәурен Доғдырбай

← Все новости