Перейти к содержимому
· 47 просмотров

Тағы бір тұрғын үйдің халқы түгел өртеніп кетеміз бе деп қорқады

Алматыда бір уақытта мыңдаған отбасы өртеніп кетуі мүмкін. Себебі, сегіз корпустан тұратын тұрғын үй кешеніне кіретін жол жалғыз. Кең жерде жолдан кенде қалғандарда автокөлік қоятын тұрақ та, тротуар да жоқ. Рөлдегілер де, жаяулар да бір жолдың бойымен сенделіп жүр. Ал сатылған баспаналардың санаты – комфорт. Ақшасы да соған сай болған. Әу баста уәдені үйіп-төккен мердігердің мұнысы не? Тілсіз жау тұтанса, өрт сөндіру көліктері қалай кіреді?

ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Комфорт санатында сатылған мына үйдің аумағы түгел көгалдандырылып, асфальт төселуі керек еді. Тұрғындар былтыр қоныстанған. Бірақ оның біреуі де жасалмаған. Жұртты ол емес, басқа мәселе алаңдатып отыр. Дәл осы үйге көршілес тағы бір ғимарат салынған. Компания мың отбасыға бір ғана жол қарастырыпты.

12 қабатты тұрғын үйдің жұрты жалғыз жолды қызғанып тұрған жоқ. Тек өздері әрең көлігін сыйдырып, құрылысын аяқтай алмай жатқанда, тағы бір ғимараттың салынғанына наразы. Әу баста компания ауланың төрт құбыласы жабылып, алдына жол, артына аллея түседі деп сендірген. Сондықтан баламыз алаңсыз ойнап, өрт сөндіру қызметі де емін-еркін кіреді деп қуанған.

АБЗАЛ ҚОЖАХМЕТ, ТҰРҒЫН:

«Біздің талабымыз – осы жолды өрт қауіпсіздігі талаптарына сай басқа үйге бермеу. Өйткені қазірдің өзінде бір ғана кіреберіс бар. Көшеміздің өзі бір бағытта ғана жүре алады. Егер бір жағдай болса, ешқандай техника, өрт сөндіру көлігі кіре алмайды. Бұл біздің үйге де, көрші үйлерге де өте қауіпті».

Бірақ қауіпсіздік шараларын ірі компания ескермеген тәрізді. Аяқ астынан жоспарлары өзгеріп, бұрынғы аллея жобасы бірден төрт қабатты тұрғын үйге ауысқан. Ол да аздай, ғимаратқа кіріп-шығатын жолды да ұмыт қалдырған сияқты. Сөйтіп, көрші ауланың жолымен ортақтастырыпты. Жұрттың қапаланып отырғаны да сол. Себебі қазір ауыр техника жүргені ештеңе емес, 200 отбасы көшіп келсе, жағдай тіпті қиындайды дейді.

ДАМИР МАМЕТОВ, ТҰРҒЫН:

«Құрылыс жүріп жатқан жерде халық тұра алмайды. Екі күннің бірінде осы жолмен ауыр техника құрылыс материалдарын тасып жүрді. Оған көз жұмдық. Себебі кейін ауланы жауып, асфальт төсеп береміз деген еді. Енді аяқ астынан сол тұрғын үйдің тұрғындарына біздің көше арқылы жол ашып беруде. Бұл заңға қайшы».

Заң бойынша әлі құрылысы бітпеген жол тұрғындарға тиесілі. Көлігін қойса да, баласын жетектесе де – өз еркі. Жұрт жоспарды қайта-қайта өзгертпей, бұрынғы уәде бойынша берілген жолды өзгелермен бөліскісі келмейді. Ал компания өкілдері әзірге ғимараттың құрылысы бітпей нақты шешім бекітілмегенін айтады.

РОЛАН РЫСБАЕВ, «QAZAQSTROY» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПИАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Тұрғын үйдің артқы бөлігіндегі жол әлі нақты бекітілген жоқ. Өйткені қала әкімдігінің бас жоспары бойынша Мұратбаев көшесіне қайта жаңғырту жүргізіледі. Бұл тұрғын үйдің алдына үлкен аллея салынып, ортақ жол қарастырылады. Сондықтан басқа да нұсқалар болуы мүмкін. Қазір нақты айта алмаймыз».

Өткен аптада Астана қаласында болған алапат өрт кезінде құтқарушылар тұрғын үй маңына жете алмай, тілсіз жауды дер кезінде сөндіре алмаған еді. Соны естігелі жұрттың мазасы қашқан. Егер қос ғимараттың кіреберісі ортақ болса, арты қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін дейді.

Гүлназия Мейірханқызы

← Все новости