Перейти к содержимому
· 48 просмотров

Қазақстан Анадолыға астық жөнелтуі мүмкін

Қазақстан Түркияға астық экспорттамақ. Атап айтқанда, Анадолы елінде бидай, жасымық, жем мен майлы дақылдарды жеткізуге мүдделі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Түркия вице-президенті Жевдет Йылмазбен кездесуінде айтты. Ауыл шаруашылығы секторында Түркия сенімді серіктес саналады. Тек 2025 жылы өзара тауар айналымы 25 пайыздан астам өсіп, 360 млн долларға жуықтаған. Тараптар әріптестіктің аясын одан әрі кеңейту тетіктерін талқылады.

ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Келесі ірі бағыттардың бірі – бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру. Соңғы жылдары Түркия капиталының қатысуымен 400 млн АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру, оны өңдеу, сондай-ақ кондитерлік өнімдер шығару бағытындағы жобалар».

Осы салада еліміз құны 1 млрд доллар болатын тағы 5 инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Алдағы уақытта біздің ел түрік инвесторларына да қолайлы жағдай жасауға ниетті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысында Үкімет басшысы өзге де салаларда алыс-беріс артқанын атап өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Экспорт көлемі 17 пайыздан астам өсіп, 3,9 млрд долларға жетті. Біз түрік тарапымен бірлесіп, отандық экспортты әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге көшіруге ниеттіміз. Сонымен қатар Мемлекет басшыларымыз тауар айналымын ұлғайту міндетін қойғанын атап өткен жөн. Бұл мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндіктеріміз бар және қажетті күш-жігерді салуға дайынбыз».

Келіссөздер бауырлас елдердің байланысын нығайтып, нақты жобаларды талқылауға жол ашты, – деді Жевдет Йылмаз. Өйткені Үкіметаралық экономикалық комиссия отырысында тараптар 67 тармақтан тұратын жаңа іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Бердібек Қарынбай

← Все новости