Перейти к содержимому
· 11 просмотров

Алматы облысында көшені жабу сәнге айналды

Алматы облысында көшені жабу, сату қалыпты жағдайға айналып барады. Жұртшылықтың 15 жылдан аса пайдаланып келген жолын жергілікті кәсіпкер жауып тастаған. Енді жол үшін Талғар мен Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындары жаға жыртысуға әзір отыр. Ал әкімдіктегілер жер иесінің өз еркі дейді. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Төрт бірдей саяжай тұрғындарының Төңкеріс елді мекеніне қатынайтын жалғыз жолы осы. Балалар мектепке, ересектер жұмысына қатынайды. Ал жергілікті кәсіпкер осы жерді жауып тастаған. Себебі оның жекеменшік жері екен. Енді екі мыңға жуық тұрғын осы жерді ашып беруін өтініп отыр.

Жол азабын жүрген біледі демекші, Талғар ауданына қарасты Төңкеріс, Семеиречье, Бағбан және Тереңқара саяжайларының тұрғындары қасындағы елді мекенге жете алмай отыр. Жұртшылық өздері ақша жинап, тас төсеп, көпір салып, 15 жылдан бері пайдаланып келген жолды екі аптадан бері жауып тастаған.

МИРА МАЙМАРОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

«Қарапайым халық 50 мыңнан, 20 мыңнан шығарып, жыл сайын тазалап, жөндеп, шұңқыр болса тасын төсеп өтеді. Талаптарымыз – осы жолды бізге қалдырсын. Кішкентай көше, өте керемет көше емес. Балалар мектепке, тұрғындар медпунктке бару үшін осы жол қажет».

Ауданның атқамінерлері айналма жол бар дейді. Алайда оған жетудің өзі мұң. Өйткені саяжай төрағалары көліктердің жүруін шектеу үшін шұңқырлар қазып тастаған. Бас ауырып, балтыр сыздағанда жедел жәрдем жүретін маңызды жол осы екен. Енді саяжайлықтар 500 метр жердегі дүкенге 8 шақырымды айналып баруға мәжбүр.

АЙГЕРІМ НҰРДАНОВА, ТЕРЕҢҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Водоемның қасындағы жерлерді заңсыз игеріп алған. Сөйтіп, қарапайым халықтың жолын жауып жатыр. Дачаның жолын жауып тұр. Ар жағында айналып келетін жол да бар, бірақ ол жеті жарым километр. Ол жолды жасауға халықта ақша жоқ, қаражат жоқ. Мына 500 метр жолға қадалып қалдық. Водоемның шетінен 35 метр қызыл сызық болуы керек. Ол жерді қалай игеріп қалғанын түсінбей отырмыз».

Төңкеріс ауылының тұрғындары саяжайлықтардың қатынағанына мүлдем қарсы сыңайлы. Сондықтан болар, бір емес, бірнеше көше қатарынан жабылған. Ал жер телімінің иесі саяжайда тұратындардан әбден мезі болғанын айтады. Жол салып алғаны аздай, қоқыс тастайтын орынға айналдырып жіберді деп отыр.

 САНЖАР СҮЛЕЙМЕНОВ, ЖЕР ТЕЛІМІНІҢ ИЕСІ:

«Каналдың арғы жағында уақытша жолдың қиылысы бар. Сол жерден малдары біздің егінімізге түседі. Біз жергілікті полиция қызметкерімен және әкімдікпен үнемі байланыстамыз. Сондықтан мұның бәрін тоқтату үшін жолды жауып тастадық».

Ал екі ауданның әкімдігіндегілер көмек сұраған тұрғындарға «өз қотырын өзі қасын» дегендей сыңай танытуда. Себебі олар саяжайда тұрады. Елді мекен мәртебесі берілмегендіктен, оларға жергілікті билік көмектесе алмаймыз деп отыр.

СӘУЛЕ МЫҚТЫБАЕВА, ПАНФИЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ  МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:

«Енді ол кісілердің бір шешу жолы бар – сот арқылы ашып, өздері жүгінуге болады. Азаматтық тұрғыда сотқа Еңбекшіқазақтың тұрғындары жүгінсе болады».

РИНАТ САРҒОЖАНОВ, БӘЙТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

«Енді бұлар бұл жолды бұрыннан пайдаланып келеді. Бірақ өздерінің негізгі жолдары бар. Мынау қысқа әрі ыңғайлы болғандықтан, осы жолды пайдаланып, өздері көпір салып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келген. Алайда бұл жол шаруа қожалығы иесінің жекеменшігінде деген ақпарат бар. Сол себепті жабылған».

Айта кетейік, саяжайды жағалаған жұртшылықтың малға қатысы жоқ. Егінге түсетін Төңкеріс ауылының малы екен. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жол керек деп шырылдаған қараша сотқа жүгінген. Соттың саяжайлықтарға қатысты шешімі әзірге белгісіз.

 Ұлан Тәліпбай

 

← Все новости