Темекісін тұтатып, көк түтінді ұнататындардың назарына. Енді шылым шегемін деп, 100 млн теңгеге дейін айыппұл арқалап жүрмеңіз. Бұдан былай қоғамдық орындарда, ашық дәмханалар мен мейрамханаларда, білім беру мекемелері, ауруханалар және діни ғимараттардың аумақтарында темекі тартуға тыйым салынбақ. Шектеу тек дәстүрлі темекі өнімдеріне емес, сондай-ақ электронды түрлеріне, вейптерге, кальяндарға, қыздырылатын және синтетикалық пен органикалық никотині бар тауарларға да енгізіледі.
Дегенмен, тиісті заң жобасы бізде емес, бауырлас Түркия елінде қолға алынған. Бұл мемлекетте қазір темекі шегуге қарсы әлемдегі ең қатаң құжаттардың бірі талқыланып жатыр. Соған сәйкес, 2040 жылға дейін елде темекі өнімдерін сатуға, өндіруге және импорттауға толықтай тыйым салынуы мүмкін. Ал тәртіп бұзғандарға жаза ауыр: 1-ден 10 млн лираға дейін айыппұл салынады. Біздің валютаға шақсақ, 10 млн-нан 100 млн теңгеге дейін барады. Заң жобасы әзірге қабылданған жоқ, талқыланып жатыр.
Нұрай Құрақпай