Алматыда әсері күшті дәрі-дәрмектер заңсыз сатылып келген. Дәріханалар мамандардың нұсқауынсыз препараттарды саудалаған. Мұндай олқылықтар «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында анықталды. Полиция дәріханаларды тексеріп, фармацевтикалық өнімдердің рецептсіз сатылу жағдайларын анықтады. Заңсыз айналымнан көп мөлшерде дәрілік заттар тәркіленді. Есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандары бұл заңды бұзу ғана емес, қоғамға қауіп төндіретінін айтады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
«Осы шара барысында 12 қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше әкімшілік құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Заңсыз айналымнан 9 мыңға жуық дәрі тәркіленді».
Ұлан Тәліпбай