Енді педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу тәртібі өзгереді. Үкімет ҰБТ жүйесін жаңғыртып, болашақ мұғалімдерді іріктеудің жаңа талаптарын енгізбек. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Вице-премьердің айтуынша, келесі жылдан бастап мұғалімдікті таңдағандар ҰБТ-мен қатар арнайы ауызша емтихан тапсырады. Мұнда талапкердің сыни ойлауы мен сөйлеу мәдениеті бағаланбақ. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына бірнеше рет тапсыру жүйесі қайта қаралып жатыр. Бұған қоса, халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленген жаңа сынақ тесттері қолданысқа енбек.
АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болады деп сенемін.
Тағы бір маңызды өзгеріс – шартты түрде оқуға қабылдау жүйесі кезең-кезеңімен тоқтатылады. Бұрын ҰБТ-дан сүрінгендерге университетте ақылы бөлімде оқи жүріп, сынақты қайта тапсыруға рұқсат етілетін. Алайда статистика мұндай студенттердің 60 пайызы шекті балды бәрібір жинай алмайтынын көрсеткен.
Рамазан Палмағанбет