Әлемдегі әрбір бесінші адам өлтіру дерегі алкогольдің кесірінен болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы статистикасына жүгінсек, жаһандағы 3 миллион жан ішімдіктің кесірінен бақиға аттанады екен. Оның арасында, жол апаттары, арақ-шараптан болатын ауру, зорлық-зомбылық бар. Ең сорақысы, кісі өлтіргендер ғана емес, құрбан болғандардың өзі мас күйде болады екен. Талай шаңырақты шайқалтқан, талай үмітті жантайтқан ащы судың азабы айта берсе таусылмас.
Мына шөлмектің құны небары екі мың теңге. Бір қарағанда болымсыз ақша. Бірақ осы «жартының» ішінде мыңдаған адамның үзілген өмірі, қираған ошағы мен жылаған баланың тағдыры тұншығып жатыр. Көбі «жүз грамнан» бастайды, бірақ нәпсісіне ие бола алмай, түбіне қалай батқанын байқамай қалады.
Ішімдіктің соңында кеткен жиырма жыл. Кейіпкеріміз бүгінде елуге таяса да, саналы өмірінің жартысын «тұманның» ішінде өткізгенін айтады. Бес жыл бұрын беті бері қарағанмен, өткен күннің өксігі басылар емес. Қос ұлының қалай ержеткенін көрмек түгілі, баласының несібесі – бір бөтелке сүттің ақшасын «бір шөлмекке» қия салған. Маскүнемдік тек отбасының берекесін емес, баспанасы мен жеке құжатын да жалмап тынған. Бұл бір ғана адамның емес, қоғамдағы мыңдаған жанның ащы шындығы.
ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТҚАН АЗАМАТ:
Соңғы аузыма құйған ішімдікті жұтуға шамам келмейтін жағдайға жеттім. Яғни өмірмен қоштасу сәтіне де жеттім. Және абыройсыз, азапты өліммен бетпе-бет тұрдым. Дәл сол құлдырау кезеңінде баламның шырылдап, соңғы ұрттам сүтін ішпесе өліп кетерін біле тұра, сол ақшаны баламның сүтіне емес, ішкілігіме жұмсауға дейін бардым.
Кейіпкеріміз жиырма жылын шөлмекке байласа да, адамдық қалпын сақтағанына, заң аттамағанына шүкір етеді. Алайда статистика сұмдық. Еліміздегі адам жанын түршіктіретін ауыр және аса ауыр қылмыстардың басым бөлігі дәл осы «ащы судың» жетегінде жасалады. Бүкіл елді дүр сілкіндірген Салтанат Нүкенованың өлімі… Жұбайын аяусыз ұрып, жауыздықпен өлтірген Қуандық Бишімбаевтың сол түні удай мас болғаны сотта дәлелденген еді. Ішімдік экс-министрді адам айтқысыз қатыгездікке итермеледі.
Тағы бір сұмдық жағдай Жетісу облысында болды. Айзат Жұманованың жағын сындырып, тәнін тірідей қорлаған өз күйеуі болып шықты. Ол да қылмысқа барар алдында ішімдікке «тойып» алған.
РАУШАН ДӘУРЕНБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:
Басының астына қолымды тығып қарағанымда бас сүйегінің сынғанын байқадым. Жұп-жұмсақ шүйде тұсы. Шашы түгел су, басы қоқым екен. Жағын ұстағанымда жағының сынғанын байқадым.
Бір сәттік ашу мен ішімдіктің буы бір шаңырақты ортасына түсірді. Күзетшіні көлікпен қабырғаға жаншып, басын бөтелкемен жарған алматылықтың әрекеті нағыз жауыздықтың сипаты. Күдіктінің удай мас болғаны анықталды. Оның бұл қылмысы бір отбасын асыраушысынан, үш баланы әкесінен айырды.
МАЙРА ҚАЙЫПБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Оны мен түрмеге отырғызғанда, менің балам қайтып келмейді. Ішім күйіп бара жатыр ғой, балам жоқ қой. Баламның орнын немен толтыра аламын?
Заңдық шектеулерге қарамастан, көлеңкелі сауда ішімдіктің кез келген уақытта сатылуына жол ашып отыр. Пайданы заңнан жоғары қойған кәсіп иелері үшін рейдтер мен айыппұлдар әзірге тиімді тосқауыл емес. Бұл заңсыздық қылмыстық статистикаға тікелей әсер етуде. Мәселен, өткен жылы мегаполистің өзінде екі мыңға жуық азамат мас күйінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаса, тағы екі мың жүргізуші рөлге мас күйінде отырғаны үшін куәлігінен айырылды.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ішімдік ішіп жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың саны 24,5 пайызға төмендеген. Бұл – профилактикалық жұмыстың тиімділігінің көрсеткіші. Яғни осындай қылмысқа баруы мүмкін азаматтарды арнайы есепке қойып, учаскелік полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Әлемдік рейтингке сүйенсек, Қазақстан ішімдік тұтыну көрсеткіші бойынша 187 елдің ішінде 101-орында тұр. Бұл елімізде жан басына шаққанда орта есеппен 4,5 литр алкоголь тұтынылады деген сөз. Ал жаһандық деңгейде Румыния көш бастап тұр. Одан кейін Грузия мен Чехия орналасқан. ТМД аймағындағы «үштікке» Молдова, Ресей және Беларусь кіреді.
Арақ-шарапқа тәуелділік жазылмайтын созылмалы аурумен тең, дейді психологтар. Бүгінде дертке шалдыққандардың жасы 35-тен жоғары. Емделіп, қайта бастайтындар да аз емес. Мамандардың айтуынша, өмірге өкпелі адам қиындықтарын мас күйінде ұмытып, соған алданып қалады.
АЛИЯШ ЕСЕНМҰРАТҚЫЗЫ, ОТБАСЫЛЫҚ ПСИХОЛОГ:
Стресті ересек кезде дұрыс шығара алмағаннан, ойын жеткізе алмағаннан, өзін тыңдата алмағаннан осындай жағдайға келеді. Құндылық жоғалған кезде, сенім азайғанда адамның өмірге көзқарасы өзгереді.
Бірақ ащы суға бәрі бірдей тәуелді деу – асығыс тұжырым. Мәселен, Алматы облысындағы Беріктас ауылдық округі өткен жылы алкогольден толық бас тартып, қылмыс көрсеткішін нөлге түсірді. Осы айда Дегерес ауылдық округіне қарасты Сұңқар ауылының тұрғындары да елдімекенге бір грамм да спиртті ішімдік кіргізбеуге бекініп отыр.
ЕРЛАН КӨПЖАСАРОВ, ДЕГЕРЕС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Қылмыстың алдын алу мақсатында Сұңқар ауылын басқа елді мекендерге үлгі ретінде алкогольсіз ауыл етуді көздеп отырмыз.
Ал жиырма жыл өмірін бөтелкеге байлаған кейіпкеріміз бүгінде дерттен айығып, екі баласының қасына оралды. Адал еңбекпен нәсібін тауып, жаңа өмір бастаған азаматтың бұл қадамы – ерік-жігердің жеңісі.