Перейти к содержимому
· 16 просмотров

Дзюдошының өліміне аурухана кінәлі ме?

Тіркеуде жоқ деп ауырып тұрған қызды екі аурухананың ортасында сабылтып қойған. Талдықорғанда 23 жастағы дзюдошы Аян Тұрдыбектің өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың айтуынша, бойжеткен өзін жайсыз сезінген сәттен бастап жанында құрбысы болған. Алғаш келген фельдшерлер жедел респираторлық вирус деп, дәрі-дәрмек жазып беріп кеткен. Бірақ жағдайы жақсармаған соң Аянды жігіті мен құрбысы қаладағы көпсалалы ауруханаға апарған. Ондағылар тіркелмегенін айтып, облыстық мекемеге жіберген. Ал ол жақтан жұқпалы аурулар ауруханасына жолдаған.

БАҚЫТГҮЛ МҰХАМЕДҚАН, АЯН ТҰРДЫБЕКТІҢ ӘПКЕСІ:

Бұрын кішкене тамағы ауыратын, ангинасы бар еді. Бірақ «ауырып тұрмын» деп хабарласатын. Бұл жолы ештеңе айтпады. Алдымен қалалық ауруханаға барып едік, «тіркеулерің жоқ» деп қабылдамаған. Сосын облыстыққа бардық, олар да «жұқпалы ауруханаға барыңдар» деп қайтарып жіберген.

Үш бірдей мекеменің табалдырығын тоздырған науқас жұқпалы ауруханаға келген соң ғана бір сағат ем алған. Досының айтуынша, Аян ауруханаға жатқысы келмеген. Үйге барған соң жағдайы күрт нашарлап, қайта жедел жәрдем шақыртқан.

ГҮЛІМ БЕКТҰРҒАНОВА, АЯН ТҰРДЫБЕКТІҢ ҚҰРБЫСЫ:

Екінші жедел жәрдем келді. Екі ер адам болды — біреуі жүргізуші, біреуі фельдшер. Тамырын таба алмай, қол-аяғын бірнеше жерден тесіп көрді. Еш нәтиже болмаған соң, «адам қарап жатыр ма, мал қарап жатыр ма?» деп видеоға түсіре бастадым. Сол кезде носилка әкеліп, Аянды алып кетті.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызды қабылдамаған ауруханаларға қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

АЛМАГҮЛ КЕНЖЕҒҰЛОВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі кезде құзырлы мекемелермен қажетті тексерістер жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Біз Медфарм комитетінің Жетісу облыстық департаментіне хат жолдадық. Аян Тұрдыбектің жүгінген барлық медициналық мекемелерінде тексеріс жүргізу талап етілді.

Маржан Нүсіпбек

← Все новости