Техбайқау тәртібі өзгеріп, орташа жылдамдықты бақылайтын камералар енгізіледі. Қазақстандық жүргізушілерді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл туралы Үкімет басшысы ведомствоаралық комиссия отырысында айтты. Жиында электрсамокаттарға қойылатын жаңа талаптар мен техникалық тексеру жүйесін жаңғырту мәселесі қаралды. Бас полицейдің есебінен кейін Олжас Бектенов тұрғындардың шағымына байланысты жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Мопедтермен теңестірілген. Бүгінгі күні оларға мопедтерге қойылатын талаптар қолданылады. Бұл жүруге рұқсат етілген орындар мен жүргізуші куәлігінің міндетті болуына қатысты. Мәселе заңнамалық тұрғыда толық реттелген.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Әйтпесе, шағымдар көп түседі. Әсіресе, тротуармен жүретін курьерлерге қатысты шағым көп түсіп жатыр. Тәртіп орнатыңыздар.
Жалпы, Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елде жыл сайын жол апаттарынан шамамен 40 мың адам жарақат алып, 2,5 мыңға жуығы көз жұмады. Мұндай оқиғалардың 90%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен болады. Жыл басынан бері 3 млн-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеліп, 5,5 мың мас жүргізуші ұсталған.
Нұрай Құрақбай